Асаубаева мен Карлсен жанжалдан кейін екі партия өткізді
Венгрия астанасы Будапештте Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турнирінде Бибісара Асаубаева мен әлемге әйгілі норвегиялық гроссмейстер Магнус Карлсен арасындағы тартыс жалғасты.
Карлсен екі партияда жеңіске жетті
Бибісара Асаубаева мен Магнус Карлсен турнирдің Knockout 5 кезеңінде 17–20-орындар үшін бәсекеге түсіп жатыр. Қарсыластар арасындағы алғашқы ойын күні норвегиялық гроссмейстер 11,5:8,5 есебімен басым түскен.
Екінші жарыс күні шахматшылар блиц форматындағы екі партия өткізді. Екі кездесуде де Карлсен жеңіске жетіп, 2:0 нәтижесімен алға шықты. Осылайша норвегиялық шахматшы шешуші ойын күнін сәтті бастады.
Алда қандай партиялар күтіп тұр?
Қос шахматшы арасындағы бәсеке әлі аяқталған жоқ. Турнир бағдарламасына сәйкес қарсыластар тағы бірнеше кездесу өткізеді.
Алда екі блиц партиясы, жеңіс үшін төрт ұпай берілетін екі рапид кездесуі және сегіз ұпайға бағаланатын жылдам классикалық шахматтағы бір партия бар. Сондықтан екінші ойын күніндегі алғашқы екі жеңіліске қарамастан Асаубаеваның есепті өзгертуге әлі де мүмкіндігі бар.
Магнус Карлсен Асаубаевамен ойнаудан неге бас тартты?
Еске салайық, екі шахматшы арасындағы алғашқы жарыс күні күтпеген жағдаймен есте қалған еді. Блиц пен рапид партияларынан кейін Магнус Карлсен 11,5:0,5 есебімен алға шығып, сол күнгі кездесудің жеңімпазы атанған.
Осыдан кейін норвегиялық гроссмейстер жылдам классикалық шахмат форматындағы соңғы партияға қатысудан бас тартты. Ол бұл кездесуді "мүлде пайдасыз" деп атаған.
Ал Бибісара Асаубаева қарсыласын шахмат тақтасының басында 15 минут күткен. Карлсен белгіленген уақытта ойынға келмегендіктен оған техникалық жеңіліс тіркелді. Нәтижесінде қазақстандық шахматшының еншісіне сегіз ұпай жазылып, алғашқы күннің қорытынды есебі 11,5:8,5 болып бекітілді.