Қазақстандық спортшы допингке қатысты айыпты мойындады
Оның 2026 жылғы Аити-Нагоядағы XX Азия ойындарында көрсеткен барлық жеке нәтижесі жойылды.
Қазақстандық регбиші Диана Андриенко антидопинг ережесін бұзғанын мойындады. Бұл туралы Азия Олимпиада кеңесінің атынан жұмыс істейтін Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) хабарлады.
Спортшыдан 2026 жылғы 1 қазанда Жапонияның Нагоя қаласында жарыс кезінде алынған сынама сибутрамин метаболиттеріне оң нәтиже көрсеткен.
ITA мәліметінше, Андриенконың допинг-сынамасынан сибутрамин табылған. Бұл зат Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің тізімінде S6.B "Арнайы стимуляторлар" санатына енгізілген және жарыс кезінде қолдануға тыйым салынған.
Сибутрамин – тәбетті басып, ағзадағы нейротрансмиттерлер деңгейіне әсер ететін синтетикалық стимулятор.
Андриенко ереже бұзғанын мойындады
Қазақстандық спортшы OCA антидопинг ережелеріне сәйкес өзіне тағылған бұзушылықты мойындап, оның салдарымен келіскен. Осыған байланысты оның 2026 жылғы Аити-Нагоядағы XX Азия ойындарында көрсеткен барлық жеке нәтижесі жойылды.
Бұған Қазақстан құрамасының 1, 2 және 3 қазанда регби-7 жарыстарында көрсеткен нәтижелеріне қатысты оның жеке көрсеткіштері де кіреді.
Қазақстан әйелдер құрамасының нәтижелері сақталады
OCA ережесіне сәйкес, Қазақстан әйелдер құрамасының регби-7 бойынша командалық нәтижелері жойылмайды. Яғни санкция тек Андриенконың жеке нәтижелеріне қолданылады.
Қазіргі уақытта спортшының нақты қанша уақытқа жарыстардан шеттетілетіні белгісіз.