Кристина Шумекованың сенсациясы Қазақстанға күміс медаль әкелді
Бейжіңде конькимен жүгіруден 2026/27 маусымындағы Әлем кубогының алғашқы кезеңі аяқталды.
13–15 қараша аралығында өткен жарыста Қазақстан құрамасы бір күміс медаль жеңіп алып, жалпы медаль кестесінде жетінші орынға тұрақтады.
Еліміздің жалғыз жүлдесін 20 жастағы Кристина Шумекова иеленді.
Қазақстан медаль кестесінде жетінші болды
Бейжіңдегі кезеңнің қорытындысы бойынша Нидерланд құрамасы 6 алтын, 7 күміс және 3 қола медальмен көш бастады.
Екінші орында Қытай тұр – 4 алтын, 2 күміс, 3 қола. Норвегия 2 алтын және 2 күміспен үздік үштікті түйіндеді.
Қазақстан бір күміс жүлдемен Швейцариямен бірге жетінші орынға ие болды.
Жалпы медаль кестесі:
- Нидерланд – 6 алтын, 7 күміс, 3 қола
- Қытай – 4 алтын, 2 күміс, 3 қола
- Норвегия – 2 алтын, 2 күміс
- Чехия – 1 алтын, 1 қола
- Италия – 1 алтын, 1 қола
- Жапония – 1 күміс, 1 қола
- Қазақстан – 1 күміс
- Швейцария – 1 күміс
- Канада – 2 қола
- АҚШ – 2 қола
- Польша – 1 қола
Шумекова А тобындағы дебютінде күміс алды
Қазақстанға жүлде сыйлаған Кристина Шумекова 1000 метр қашықтықта күміс медаль жеңіп алды.
Бұл нәтиженің ерекшелігі – спортшы сол күні мансабында алғаш рет ересектер арасындағы Әлем кубогының А тобында өнер көрсетті.
Алғашқы жарыстың өзінде ол жүлдеге қол жеткізіп, Қазақстан құрамасының медаль кестесіне енуіне мүмкіндік берді.
Шумекованың бұған дейінгі жетістіктері
Кристина Шумекова 2006 жылғы 31 қазанда Петропавлда туған. Ол 2025/26 маусымында жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогы кезеңдерінде сегіз рет жеңіске жетіп, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында бес алтын және бір күміс медаль иеленген. Сондай-ақ 2024 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан туын ұстаған.
Қазіргі таңда Шумекова 1000 метр қашықтық бойынша әлемдік рейтингте екінші орында, ал жалпы есепте оныншы сатыда тұр.