Қазақ балуаны сенсация жасап, әлем чемпионатының жүлдегері атанды
Грек-рим күресінің өкілі Бағдат Сабаз Астанадағы әлем чемпионатында әлемдік рейтинг көшбасшысы, Олимпиада жүлдегерін жеңді.
Әлемнің үздік балуанына қарсы белдесу
Бағдат Сабаз 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің қола жүлде үшін белдесуінде әзербайжандық Хасрат Джафаровпен кездесті. Тартысты өткен жекпе-жекте алғашқы ұпайды отандасымыз еншіледі. Бірақ қарсыласы басымдықты өз қолына алып, есепті 5:1-ге жеткізді.
Соған қарамастан Бағдат Сабаз берілген жоқ. Шешуші сәтте нәтижелі әдіс қолданып, кездесу тағдырын өзгертті. Нәтижесінде 7:5 есебімен жеңіске жетіп, әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды.
Бұл жеңістің ерекшелігі – Бағдат Сабаз әлемдік рейтингте 69-орында тұрса, Хасрат Джафаров рейтинг көшбасшысы саналады.
Қола медальға қалай жетті?
Бағдат Сабаз Астанадағы әлем біріншілігінің алғашқы айналымында қырғызстандық Раззақ Бейшекеевті 8:4 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды. Одан кейін Болгария атынан сынға түскен Абу-Муслим Амаевтан басым түсті. Ширек финалда Париж Олимпиадасының чемпионы, ирандық Саид Эсмаилимен кездесті. Бұл белдесу 2:7 есебімен қарсыласының пайдасына аяқталды.
Дегенмен Эсмаилидің финалға шығуы Сабазға жұбаныш белдесулеріне қатысу мүмкіндігін сыйлады. Осы кезеңде отандасымыз қытайлық Синьсинь Цзиньді 8:5 есебімен жеңіп, қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алды.
Джафаров қандай жетістіктерге жеткен?
Қазақстандық балуанның қарсыласы Хасрат Джафаров – әлемдік күресте жоғары нәтижелерге қол жеткізген тәжірибелі балуан. Олимпиада ойындарының қола жүлдегері және Еуропаның төрт дүркін чемпионы.
Ол Астанадағы әлем чемпионатында украиналық Александр Грушинді 7:1, оңтүстіккореялық Чон Хан Джэні 6:1 есебімен жеңген. Ал жартылай финалда Саид Эсмаилиге қарсы белдесіп, 1:1 есебі тіркелген кездесуде қосымша көрсеткіштер бойынша жеңіліс тапты.