Бейбарыс Әшірбай алтын медальдан бір қадам қалды
Қазақстандық боксшы Черногорияда 19 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Финалда кіммен жұдырықтасты?
Қазақстан құрамасының өкілі Бейбарыс Әшірбай 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль үшін ирландиялық Джон Донохьюмен кездесті. Жекпе-жек тартысты басталды. Алғашқы раундта қазақ боксшы белсенділік танытып, қарсыласынан басым түсті. Төрешілердің төртеуі Әшірбайға басымдық берді.
Бірақ екінші раундта жағдай өзгерді. Ирландиялық боксшы қарқынын күшейтіп, 4:1 есебімен төрешілердің қолдауына ие болды.
Шешуші үшінші раундта екі боксшы да жеңіске жету үшін бар күшін салды. Дегенмен төрешілер бұл кезеңде Донохьюдің басымдығын бірауыздан мойындады. Осылайша, финалдық кездесуде жеңіліс тапқан Әшірбай әлем чемпионатының күміс медалін иеленді.
Әшірбайдың жетістіктері
Бейбарыс Әшірбай бұған дейін 2026 жылы жастар арасындағы Азия чемпионатында топ жарып, құрлық чемпионы атанған. Енді қазақстандық боксшы өз жетістіктерін әлем біріншілігінің күміс жүлдесімен толықтырды.
Еске салайық, Черногорияның Будва қаласында ұйымдастырылған 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионаты халықаралық World Boxing федерациясының қолдауымен өтіп жатыр.