Жалғас Жұмағұловты жеңген файтер қазақстандық чемпионның белбеуі үшін айқаспақ
Титулдық кездесу 12 желтоқсан күні Алматыда өтеді.
Қазақстандық файтер Алмаз Нұрғали алғаш рет Nomad Fighting чемпионы атағын қорғайтын болды.
Оның қарсыласы – Тәжікстан өкілі Асрор Акпархожаев. Соңғы жекпе-жегінде ол UFC-дің бұрынғы файтері Жалғас Жұмағұловты жеңген болатын.
Титулдық кездесу 12 желтоқсанда Алматыда өтеді.
Nomad Fighting жекпе-жекті ресми жариялады
Жекпе-жек туралы Nomad Fighting промоушені ресми түрде хабарлады.
Кездесуде ұйымның чемпиондық белбеуі сарапқа салынады. Алайда анонста жекпе-жек жеңіл салмақ емес, аса жеңіл салмақ дәрежесінде көрсетілген. Бұған дейін Нұрғали чемпиондық атақты жеңіл салмақта жеңіп алған еді.
"Айдос Жаппарбергеновті тартысты жекпе-жекте жеңіп, чемпиондық белбеуді иеленген Алмаз Нұрғали енді атағын алғаш рет қорғауға дайын. Оның қарсыласы – соңғы жекпе-жегінде қазақстандық ММА аңызы Жалғас Жұмағұловты жеңген Асрор "Вожак" Акпархожаев", – делінген промоушен хабарламасында.
Нұрғали чемпиондық белбеуді тамызда жеңіп алды
Алмаз Нұрғали чемпион атағын 28 тамызда Астанада өткен International Boxing Day турнирінде иеленді. Сол кеште ол Айдос Жаппарбергеновпен ММА қолғаптарындағы бокс ережесі бойынша жұдырықтасты.
Жекпе-жек толық бес раундқа созылып, Нұрғали төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті.
Ал Асрор Акпархожаев алдағы титулдық айқасқа Жалғас Жұмағұловқа қарсы жеңістен кейін шығады. Олардың кездесуі 20 қазанда Ташкентте өткен IBA Nomad 16 турнирінде ұйымдастырылды. Бұл жекпе-жек те толық дистанцияға созылып, төрешілер жеңісті бірауыздан Тәжікстан өкіліне берді.