10:0 есебімен жеңіп жатқан қазақстандық дзюдошы алтыннан айырылды
Аман Бақытжан Загребте Гран-при турнирінің финалында күтпеген жеңіліске ұшырады.
10:0 есебі жеңіске жеткізбеді
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында Аман Бақытжан Қытайлық Тайбэй өкілі, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Ян Юнвэймен алтын медальді сарапқа салды.
Шешуші белдесу отандасымыз үшін сәтті басталды. Бақытжан 10:0 есебімен алға шығып, жеңіске жақындай түсті. Дегенмен қарсыласы таразы басын теңестіріп, кездесуді қосымша уақытқа ұластырды.
"Голден-скор" кезеңінде тартыс күшейе түсті. Нәтижесінде Аман Бақытжан үш "шидо" ескертуін алып, жеңіліске ұшырады. Осылайша алтын медаль Ян Юнвэйге бұйырса, қазақстандық дзюдошы Загреб Гран-приінің күміс жүлдегері атанды.
Финалға қалай жетті?
Қазақстан құрамасының өкілі турнир барысында бірнеше қарсыласын жеңіп, шешуші белдесуге дейін жетті. Алғашқы айналымда Бақытжан үндістандық Харш Сингхтен басым түсті. Одан кейін Израильден келген Ариэль Шульман мен украиналық Дилшот Халматовты жарыс жолынан шығарды.
Жартылай финалда словениялық Давид Старкельмен кездесіп, екі "юко" ұпайының арқасында жеңіске жетті. Ал Ян Юнвэй финалға шығар жолда франциялық Лука Мхеидзені жеңген болатын.
Бақытжанның биылғы жетістіктері
Айта кетейік, Аман Бақытжан 2026 жылғы маусымда халықаралық жарыстарда жүлделі нәтижелер көрсетіп келеді.
Бұған дейін Парижде өткен беделді "Үлкен дулыға" турнирінде қола медаль жеңіп алған еді.