Қазақстандық дзюдошы Загребте алтынға бір қадам жетпей тоқтады
Ғалия Тынбаева Хорватия астанасында Гран-при турнирінің күміс жүлдегері атанды.
Әлем чемпионымен финал қалай аяқталды?
48 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі шешуші белдесуде Ғалия Тынбаева 2025 жылғы әлем чемпионы Ассунта Скуттомен кездесті.
Алтын медаль тағдырын шешкен кездесуде италиялық дзюдошы 12:1 есебімен жеңіске жетті. Нәтижесінде қазақстандық дзюдошы Загреб Гран-приін екінші орынмен аяқтап, күміс жүлдені қоржынына салды.
Тынбаева финалға қалай жетті?
Қазақстан құрамасының өкілі турнир барысында бірнеше мықты қарсыласын жеңіп, финалға дейін сүрінбей жетті.
Алғашқы белдесулерінде Тынбаева италиялық Азия Аванцато мен испаниялық Ева Перес Солерден басым түсті. Ширек финалда бразилиялық Наташа Феррейраны жарыс жолынан шығарды. Ал жартылай финалда австриялық Жаклин Шпрингерді "юко" ұпайының арқасында жеңіп, алтын медаль үшін күресуге мүмкіндік алды.
Өз кезегінде Ассунта Скутто финалға шығар жолда Польшаның дзюдошысы Виктория Шлёнзокты тізе бүктірді.
Загребте екінші рет күміс жүлде жеңіп алды
Айта кетейік, Ғалия Тынбаева үшін бұл Загреб Гран-приіндегі екінші финал болды.
Қазақстандық дзюдошы 2024 жылы да осы жарыстың шешуші белдесуіне дейін жетіп, күміс медаль иеленген еді.
Сөйтіп Тынбаева араға екі жыл салып, Хорватия астанасындағы беделді халықаралық турнирде тағы да жүлдегер атанды.