Нокдаунға түскен Ақжүрек Қалабай ӘЧ-да қарсыласын жеңді
Қазақстандық боксшы Ақжүрек Қалабай Черногорияның Будва қаласында 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатында кезекті жеңісіне жетті.
Қырғыз боксшысын жеңді
65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Ақжүрек Қалабай 1/8 финалда қырғызстандық Елдияр Тенисбековпен қолғап түйістірді. Үш раундқа созылған тартысты кездесуде қазақстандық боксшы басымдық танытып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Жекпе-жектің екінші раундында ерекше жағдай тіркелді. Рефери екі боксшыға да бір-бір нокдаун есептеді. Соған қарамастан Қалабай кездесуді өз пайдасына аяқтады.
Осы нәтижеден кейін отандасымыз әлем чемпионатының ширек финалына өтіп, жүлде үшін күресін жалғастырады.
Әлем чемпионатындағы үшінші жеңіс
Ақжүрек Қалабай үшін бұл Будвадағы әлем біріншілігіндегі қатарынан үшінші жеңіс болды.
Алғашқы кездесуінде ол қытайлық Кун Вангтан басым түсті. Қарсыласы бірінші раундта қабағынан жарақат алып, жекпе-жекті жалғастыра алмаған еді.
Келесі айналымда эстониялық Александр Живолоупты екінші раундта мерзімінен бұрын жеңді.