Жеңіліп жатып жеңіске жетті: қазақстандық боксшы ӘЧ-да мінез көрсетті
Мадира Жұмақан Будва қаласында 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатында алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Алғашқы раундта есе жіберді
World Boxing ұйымының ұйымдастыруымен өтіп жатқан әлем біріншілігінің 1/8 финалында 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Мадира Жұмақан италиялық Корин Мари Фавимен жұдырықтасты. Жекпе-жек қазақстандық боксшы үшін сәтсіз басталды. Алғашқы раундта қарсыласы белсендірек қимылдап, бес төрешінің төртеуі оған басымдық берді. Нәтижесінде бірінші үшминуттық 4:1 есебімен Фавидің пайдасына аяқталды.
Екінші раундта отандасымыз қарқынын күшейтіп, қарсыласына қысым жасай бастады. Дәл соққыларымен ерекшеленіп, бес төрешінің барлығы оның басымдығын мойындады.
Шешуші үшінші раундта да Жұмақан тізгінді өз қолында ұстады. Қарсыласына бірнеше нәтижелі соққы жасап, нокдаун есептелді.
Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан 5:0 есебімен Мадира Жұмақанды жеңімпаз деп таныды.
Жұмақан ширек финалда
Осылайша қазақстандық боксшы қиын басталған кездесуді өз пайдасына аяқтап, әлем біріншілігінің үздік сегіздіктің қатарына енді.
Айта кетейік, Будва қаласында өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионаты 27 қазанда аяқталады. Байрақты додаға 70-ке жуық елден шамамен 500 боксшы қатысып жатыр.