Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Бейбарыс Әшірбай австралиялық боксшыны ойсырата жеңді

Қазақстандық боксшы Черногорияда жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында сенімді жеңіске жетті. 

Бейбарыс Әшірбай австралиялық боксшыны ойсырата жеңді
Instagram/@boxingkazakhstan

Бейбарыс Әшірбай қарсыласына мүмкіндік бермеді

Черногорияның Будва қаласында 19 жасқа дейінгі боксшылар арасында әлем біріншілігі жалғасып жатыр. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасының өкілі Бейбарыс Әшірбай кезекті жекпе-жегін сәтті өткізді.

70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін отандасымыз 1/8 финалда австралиялық Люк Нассифпен қолғап түйістірді.

2026 жылғы Азия чемпионы алғашқы раундтан-ақ басымдықты өз қолына алды. Қарсыласының осал тұстарын тиімді пайдаланып, дәл соққыларымен ерекшеленген қазақстандық боксшы бес төрешінің де қолдауына ие болды.

Қазақстандық боксшы 5:0 есебімен жеңіске жетті

Екінші раундта да Әшірбай қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Ол шабуылдарын сәтті жалғастырып, қарсыласына еркін қимылдауға мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде төрешілер бұл үшминуттықта да қазақстандық боксшының басымдығын мойындады.

Шешуші раундта Бейбарыс жекпе-жек тізгінін уысынан шығармай, кездесуді жеңіспен аяқтады.

Қорытынды есеп – 5:0. Осылайша Бейбарыс Әшірбай әлем чемпионатының ширек финалына шығып, жүлде үшін күресін жалғастыратын болды.

Айта кетейік, бокстан 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы 2026 жылғы әлем чемпионаты Черногорияның Будва қаласында 15–27 қазан аралығында өтіп жатыр.

Халықаралық додаға әлемнің 80 мемлекетінен 500-ден астам боксшы қатысуда. Боксшылар жалпы 20 салмақ дәрежесінде медаль сарапқа салады. Оның 10-ы ерлерге, қалған 10-ы әйелдерге арналған.

Бұл туралы не ойлайсыз?