Қазақ боксшы жасөспірімдер Олимпиадасында мерзімінен бұрын жеңді
Бейбарыс Әшірбай Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасында алғашқы жекпе-жегін сенімді жеңіспен аяқтап, ширек финалға жолдама алды.
Қарсыласын мерзімінен бұрын жеңді
70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Бюейбарыс Әшірбай турнирдегі алғашқы кездесуін өткізді. Қазақстандық боксшының қарсыласы ливиялық Мохамед Джихад болды.
Жекпе-жек толық уақытқа созылған жоқ. Әшірбай қарсыласынан басым түсіп, мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Енді отандасымыз жартылай финалға жолдама алу үшін келесі кездесуін өткізеді.
Қазақстан қоржынында екі Олимпиада медалі бар
IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасы 31 қазанда Сенегалдың Дакар қаласында басталды. Халықаралық дода 13 қарашаға дейін жалғасады.
Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасының еншісінде екі жүлде бар:
- Алтын медаль — дзюдошы Фатима Супығалиева;
- Қола медаль — триатлоншы Рамазан Әйнегов.
Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасының бокс бәсекесінде Қазақстан намысын үш боксшы қорғап жатыр. Олар — Бейбарыс Әшірбай, Ақнұр Тұрсынғали және Марал Төлепберген.