"Қазақ Тайсоны" финалда тоқтатылды
"Қазақ Тайсоны" лақап атымен танылған Аман Қонысбеков 2026 жылғы Қазақстан чемпионатының финалында жеңіліске ұшырады.
Нұрбек Мұрсалға жол берді
Таразда бокстан Қазақстан чемпионатында ерлер арасындағы 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің жеңімпазы анықталды. Алтын медаль үшін Түркістан облысының намысын қорғаған Аман Қонысбеков пен Алматы қаласының өкілі Нұрбек Мұрсал жұдырықтасты.
Үш раундқа созылған кездесуде алматылық боксшы басым түсті. Сөйтіп Мұрсал Қазақстан чемпионы атанлы.
Аман Қонысбеков неге "Қазақ Тайсоны" атанған?
Аман Қонысбеков — отандық бокстың жас таланттарының бірі. Ол бұған дейін 2026 жылы Индонезия астанасы Джакартада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында топ жарып, алтын медаль жеңіп алған.
Жанкүйерлер жас боксшыны ерекше жұдырықтасу мәнері үшін "Қазақ Тайсоны" деп атайды. Оның рингтегі өнерін кәсіпқой бокстың аңыз өкілі, америкалық Майк Тайсонның стилімен салыстырады.
Нұрбек Мұрсал туралы не белгілі?
Қазақстан чемпионатының алтын жүлдесін иеленген Нұрбек Мұрсал да халықаралық жарыстарда нәтижелі өнер көрсетіп жүрген жас боксшылардың қатарында.
Ол 2026 жылы жастар арасындағы Азия чемпионатында 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс медаль жеңіп алған еді.