Мұхаммедсабыр Базарбайұлы ел чемпионатында "алтыннан" қағылды
Қазақстан құрамасының белгілі боксшысы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы Қазақстан чемпионатында алтын медальсіз қалды.
Финалда қарсыласына есе жіберді
65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен финалдық кездесуде Түркістан облысының намысын қорғаған Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен Шымкенттен келген Абзал Серік чемпиондық атақты сарапқа салды.
Үш раундқа созылған тартыста төрешілер Абзал Серіктің басымдығын мойындады. Шымкенттік боксшы барлық раундта жеңіске жетіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебімен басым түсті.
Олимпиадаға қатысқан боксшының жетістіктері
Мұхаммедсабыр Базарбайұлының спорттық мансабындағы ең ірі жарыстардың бірі — 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындары. Қазақстандық былғары қолғап шебері төртжылдықтың басты додасында ширек финалға дейін жеткен.
Сонымен қатар 2026 жылдың көктемінде Бразилияда ұйымдастырылған World Boxing әлем кубогының кезеңіне қатысты. Бірақ 1/8 финалда төрешілердің даулы шешімінен кейін жарысты мерзімінен бұрын аяқтады.
Енді тәжірибелі боксшы Қазақстан чемпионатын күміс жүлдемен қорытындылады.