Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

"Мұндайды көрмедім": Олимпиада чемпионы Астанадағы әлем чемпионатына таңғалды

Еркін күрестен Олимпиада чемпионы, төрт дүркін әлем чемпионы америкалық Кайл Снайдер Астанада өтетін әлем чемпионаты туралы пікір білдірді.

"Мұндайды көрмедім": Олимпиада чемпионы Астанадағы әлем чемпионатына таңғалды
instagram/@snyderman45

Таңданысын жасырмады

30 жастағы америкалық боз кілем шебері жарыс басталмай тұрып-ақ ұйымдастыру деңгейіне тәнті болғанын жасырмады. Оның сөзінше, Қазақстан астанасындағы әлемдік дода бұрын өзі қатысқан сегіз чемпионаттан да ерекше өтуі мүмкін.

Снайдер 2015 жылдан бері әлем чемпионаттарына тұрақты қатысып келеді. Ол 2019 жылы Астанадағы дүниежүзілік біріншілікте де бақ сынаған. АҚШ құрамасының көшбасшысы алдағы жарысқа қатысты әсерін баспасөз мәслихатында бөлісті.

"Мен күресті өте жақсы көремін және оны әлемдегі ең керемет спорт түрі деп есептеймін. Жарыс өтетін аренаны көріп үлгердім. Шынымды айтсам, бұл мен қатысқан әлем чемпионаттарының ішіндегі ең үздігі болатын сияқты. Қазақстанды осындай ауқымды доданы ұйымдастыруымен құттықтаймын. Турнирдің басталуын асыға күтіп жүрмін. Бейсенбі мен жұма күндері кілемге шығып, белдесуді бастайтын сәтті тағатсыздана күтудемін", – деді Кайл Снайдер.

Ризабек Айтмұқанмен кездесуі мүмкін

Америкалық балуан Астанаға әлем чемпионы атағын қорғау мақсатымен келді. Ол кезекті рет алтын медальға таласып, өзінің спорттық мансабындағы жетістіктерін толықтыруды көздейді.

Турнир барысында Снайдердің ықтимал қарсыластарының бірі Ризабек Айтмұқан атануы мүмкін.

Айта кетейік, Ризабек Айтмұқан – еркін күрестен Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы. Сондықтан екі танымал балуанның ықтимал кездесуі жанкүйерлер үшін ерекше қызығушылық тудыруы мүмкін.

Кайл Снайдер қандай жетістіктерге жеткен?

Кайл Снайдер – әлемдік еркін күрестің ең танымал өкілдерінің бірі. Ол 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Ал келесі Олимпиадада күміс жүлде місе тұтты. 

Сонымен қатар оның еншісінде әлем чемпионаттарының сегіз медалі бар. Соның төртеуі – алтын.

Күрес түрлерінен 2026 жылғы әлем чемпионаты 24 қазан мен 1 қараша аралығында Астанада өтеді. Әлемнің үздік балуандары бас қосатын халықаралық жарысты "Барыс Арена" спорт кешені қабылдайды.

Бұл туралы не ойлайсыз?