"Енді мені рингтен көрмейсіздер": Айдос Ербосынұлы ауыр мәлімдеме жасады
Қазақстандық танымал боксшы Айдос Ербосынұлы кәсіпқой рингке енді оралмайтынын ресми түрде мәлімдеді.
Бокстан неге кетті?
Кәсіпқой бокста 16 жеңіске жетіп, бір рет жеңілген Айдос Ербосынұлы жанкүйерлеріне үндеу жолдап, спорттық мансабын аяқтауға мәжбүр болғанын жеткізді.
Боксшының айтуынша, 2022 жылғы ауыр жеңілісінен кейін рингтен уақытша алыстағанымен, спортқа қайта оралу үмітін үзбеген.
"Міне, бәрі аяқталды. Енді мені кәсіпқой боксшы ретінде рингтен көрмейсіздер. Мұны айту маған оңай емес. Дегенмен бүгін бар шындықты ашық айтып бергім келеді. 2022 жылғы жеңілістен кейін біраз уақыт бокстан қол үздім. Бірақ денем спорттан алыстағанымен, ойым үнемі бокста болды. Қолғапты біржола шегеге ілген жоқ едім", – деді Ербосынұлы.
Ресейдегі жекпе-жекке рұқсат берілмеді
Қазақстандық боксшы 6 қарашада Татарстан астанасы Қазанда өтетін халықаралық бокс кешінде өнер көрсетуі тиіс болған.
Ол осы кездесуге Алматыда тыңғылықты дайындалып, жаттығу жиындарын өткізіп, спаррингтерге қатысқан. Тіпті өзінің жоғары спорттық бабына келгенін де атап өтті. Бірақ жекпе-жек алдында Ресей бокс федерациясынан күтпеген хабарлама алған.
"6 қарашада Қазанда жұдырықтасуым керек еді. Жекпе-жек бекітілгеннен бастап Алматыда бұрынғыдан да қарқынды дайындалдым. Физикалық тұрғыдан жақсы қалыпқа келдім. Бірақ Ресей бокс федерациясы мені кездесуге жібере алмайтынын хабарлады. Бұған дейін көптеген дәрігерге қаралдым. Неврологтардың барлығы дерлік боксты жалғастыруыма үзілді-кесілді қарсы болды. Соған қарамастан тәуекелге бардым. Соңғы сәтке дейін үмітімді үзбедім. Алайда дәрігерлер ақыры рұқсат берген жоқ", – деп түсіндірді боксшы.
Осылайша төрт жылға жуық үзілістен кейін рингке қайта оралуды көздеген қазақстандықтың жоспары жүзеге аспады.
"Денсаулықты күтіңіздер": боксшы жастарға үндеу жасады
Айдос Ербосынұлы өзінің басынан өткен жағдайды мысалға келтіріп, жастарды денсаулыққа немқұрайды қарамауға шақырды.
Оның сөзінше, ешбір жеңіс пен чемпиондық белбеу адам өмірінен қымбат болмауы тиіс.
"Інілеріме, өсіп келе жатқан жас боксшыларға айтарым – денсаулықтарыңызды сақтаңыздар! Орынсыз тәуекелге бармаңыздар. Біз көрген қиындықты ешкімнің басына бермесін. Алла барлық боксшыны осындай жарақаттан сақтасын. Спортшылар рингке отбасын асырау, табыс табу немесе чемпиондық белбеу жеңіп алу үшін шығады. Ешкім қарсыласының өміріне қастандық жасау үшін жұдырықтаспайды", – деді ол.
Жаттықтырушы болуды жоспарлайды
Кәсіпқой рингпен қоштасқанымен, белгілі боксшы спорттан мүлде кетпейтінін мәлімдеді.
Ендігі мақсаты – көп жылдық тәжірибесін жас буынға үйретіп, болашақ чемпиондарды тәрбиелеу.
"Міне, көз алдарыңызда қолғапты шегеге ілдім. Бірақ бұл бокспен біржола қоштасқанымды білдірмейді. Осы жылдар ішінде жинаған білімім мен тәжірибемді жастарға бергім келеді. Білікті жаттықтырушы атанып, чемпиондар тәрбиелеуді армандаймын. Біз бокстан түбегейлі кетпейміз. Жаттығуды жалғастырып, жаңа чемпиондарды өсіреміз. Маған жанкүйер болған барша халықтан тағы да кешірім сұраймын", – деді Ербосынұлы.
2022 жылғы ауыр нокаут: Айдос Ербосынұлының басынан не өтті?
Айдос Ербосынұлы кәсіпқой бокста екінші орта салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Ол мансабында WBA International, WBO Global және WBC Asia тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулерді иеленген.
Қазақстандық боксшы алғашқы 16 жекпе-жегінің барлығында жеңіске жетіп, оның 11-ін нокаутпен аяқтады. Дегенмен 2022 жылы қарашада америкалық Давид Моррельмен өткен кездесу оның өміріндегі ең ауыр сынаққа айналды.
WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы сарапқа салынған жекпе-жекте Ербосынұлы 12-раундта ауыр нокаутқа түсті. Сол кездесуден кейін қазақстандықтың бас миы ауыр жарақаттанып, дәрігерлер оны жасанды комаға енгізуге мәжбүр болды.
Кейін Айдос Ербосынұлы есін жиып, ұзақ уақыт ем қабылдады. Денсаулығы қалпына келгенімен, дәрігерлер оған кәсіпқой бокста өнер көрсетуді жалғастыруға рұқсат бермеді.