Айдос Сұлтанғалидың Астанадағы ӘЧ-да алғашқы қарсыласы анықталды
Грек-рим күресінен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали Астанада өтетін әлем чемпионатындағы алғашқы белдесуін 1/8 финалдан бастайды.
Айдос Сұлтанғали кіммен белдеседі?
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсетін Айдос Сұлтанғали турнирдің үшінші нөмірлі балуаны ретінде тіркелді. Осыған байланысты ол іріктеу кезеңіне қатыспай, жарысты бірден 1/8 финалдан бастайды.
Қазақстандық боз кілем шеберінің алғашқы қарсыласы ресейлік Анвар Аллахьяров пен босқындар құрамасының атынан өнер көрсететін Иранның бұрынғы чемпионы Джамал Вализаде арасындағы белдесуде анықталады.
Айта кетейік, Анвар Аллахьяров – Еуропа чемпионатының жүлдегері.
Әлем чемпионатындағы басты қарсыластар
60 келі салмақта бірінші нөмірлі балуан мәртебесі өзбекстандық Әлішер Ғаниевке берілді. Ал екінші нөмірге Сербия атынан белдесетін Георгий Тибилов ие болды.
Қос балуан жеребе бойынша Сұлтанғалиден бөлек турнирлік торға түсті. Сондықтан қазақстандық боз кілем шебері олармен тек финалдық белдесуде кездесуі мүмкін.
Күрестен әлем чемпионаты 24 қазан мен 1 қараша аралығында "Барыс Арена" спорт кешенінде өтеді.