Әлемді мойындатқан қазақ қызы ел чемпионатында да үздік атанды
Бокстан екі дүркін әлем чемпионы Аида Әбікеева 2026 жылғы Қазақстан чемпионатында топ жарды.
Әйелдер арасындағы 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің шешуші кездесуінде қарағандылық Аида Әбікеева мен Шымкент қаласының өкілі Лаура Есенгелді өзара мықтыны анықтады. Алтын медаль үшін өткен тартыста Әбікеева өзінің жоғары шеберлігін көрсетіп, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті.
Аида Әбікеева — Қазақстан әйелдер боксының ең титулды өкілдерінің бірі. Ол 2025 жылы World Boxing және IBA ұйымдары өткізген әлем чемпионаттарында жеңімпаз атанып, екі мәрте әлем чемпионы болды.
Бұған дейін қазақстандық боксшы 2024 жылғы Азия чемпионатында да алтын медаль жеңіп алған.
Ал финалдағы қарсыласы Лаура Есенгелді биыл жазда Қытайдың Гуйян қаласында ұйымдастырылған World Boxing әлем кубогының екінші кезеңіне қатысқан. Шымкенттік боксшы аталған халықаралық турнирде ширек финалға дейін жеткен.