Бес дүркін Азия чемпионы Таразда алтын медаль иемденді
Темірлан Мұқатаев бокстан 2026 жылғы Қазақстан чемпионатында топ жарды.
Финалда қарсыласына мүмкіндік бермеді
Таразда бокстан Қазақстан чемпионатында 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің жеңімпазы анықталды. Алтын медаль үшін Астана қаласының намысын қорғаған Темірлан Мұқатаев пен Алматы өкілі Сұлтанбек Айбарұлы жұдырықтасты.
Үш раундқа созылған кездесуде елордалық боксшы қарсыласынан басым түсті.
Осылайша Темірлан Мұқатаев Қазақстан чемпионы атанып, алтын медальды қанжығасына байлады. Ал Сұлтанбек Айбарұлы ұлттық біріншіліктің күміс жүлдегері атанды.
Бес дүркін Азия чемпионының кезекті жетістігі
Темірлан Мұқатаев — Қазақстан боксының болашағынан үлкен үміт күттіретін өкілдерінің бірі.
Ол бұған дейін жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионаттарында бес мәрте жеңімпаз атанып, халықаралық аренада өзінің шеберлігін дәлелдеген.
Енді астаналық боксшы ел біріншілігінде де үздік шығып, спорттық мансабындағы жетістіктерін Қазақстан чемпионатының алтын медалімен толықтырды.
Сұлтанбек Айбарұлы қандай жетістіктерге жеткен?
Финалда Мұқатаевқа қарсы жұдырықтасқан Сұлтанбек Айбарұлы да халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген тәжірибелі боксшы.
Ол 2025 жылы Үндістанда ұйымдастырылған World Boxing әлем кубогының финалдық кезеңінде чемпион атанды.
Ал 2026 жылы Бразилияда өткен әлем кубогының кезеңінде де қарсыластарынан басым түсіп, алтын медаль жеңіп алды.