Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Қазақстандық балуан Астанадағы әлем чемпионатында сенсация жасады

Астанада күрес түрлерінен 2026 жылғы әлем чемпионатында Мерей Мәулетқанов күтпеген нәтиже тіркеді. 

Қазақстандық балуан Астанадағы әлем чемпионатында сенсация жасады
instagram.com/kazwrestling_official/

Олимпиада жүлдегерін жеңді

Қазақстандық балуан әлем біріншілігінің 1/8 финалында Арменияның атақты боз кілем шебері Малхас Амоянмен белдесті. Армениялық балуан халықаралық аренада талай мәрте топ жарған. Ол – 2024 жылғы Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы және Еуропаның бес дүркін жеңімпазы.

Соған қарамастан Мерей Мәулетқанов тәжірибелі қарсыласына лайық қарсылық көрсетіп, белдесуді 4:2 есебімен өз пайдасына аяқтады. Осылайша қазақстандық балуан әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алып, жүлдеге таласу мүмкіндігін сақтап қалды.

Алғашқы белдесуінде де басым түсті

Айта кетейік, Мерей Мәулетқанов әлем чемпионатындағы алғашқы кездесуін де сенімді жеңіспен бастаған. Ол Оңтүстік Корея намысын қорғаған Хёнджин Кангты 9:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңіске жеткен еді.

Осылайша қазақстандық балуан екі белдесуде қатарынан жеңіске жетіп, елордадағы әлем біріншілігінде сәтті өнер көрсетіп жатыр.

Күрес түрлерінен 2026 жылғы әлем чемпионаты 24 қазанда Астанада басталды. Дүниежүзінің үздік балуандары бас қосқан дүбірлі дода 1 қарашаға дейін жалғасады.

Бұл туралы не ойлайсыз?