Қазақстандық балуан әлем чемпионатында күтпеген жерден жүлдесіз қалды
Грек-рим күресінің өкілі Мерей Мәулітқанов әлем чемпионатындағы өнерін аяқтады.
Жұбаныш белдесуіне шыға алмады
77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыздың қола медальға таласу мүмкіндігі болгариялық Стоян Кубатовтың жартылай финалдағы нәтижесіне байланысты болды.
Бірақ Кубатов финал жолдамасы үшін өткен белдесуде молдовалық Александрин Гутудан жеңіліп қалды. Кездесу мерзімінен бұрын аяқталып, молдовалық боз кілем шебері қарсыласын жауырынымен кілемге басты. Есеп – 5:0.
Осы нәтиженің салдарынан Мерей Мәулітқанов жұбаныш белдесулеріне қатысу құқығынан айырылды.
Ширек финалда бір ұпай айырмасымен жеңілді
Еске салайық, Мерей Мәулітқанов ширек финалда дәл осы болгариялық Стоян Кубатовпен кездескен. Тартысты өткен белдесуде қазақстандық балуан қарсыласына 3:4 есебімен есе жіберді.
Егер Кубатов финалға шыққанда, Мәулітқанов жұбаныш белдесулері арқылы қола медальға таласу мүмкіндігін алар еді. Дегенмен болгариялықтың жеңілісі отандасымыздың жүлдеге деген үмітін үзді.