Қазақ қызы әлем чемпионатының медалін иеленді
Мадира Жұмақан Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды.
Испаниялық қарсыласын жеңді
51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің ширек финалында Испания боксшысы Андреа Буэльга Гарсиямен қолғап түйістірді.
Үш раундқа созылған тартысты жекпе-жекте екі боксшы да жеңіске жетуге бар күшін салды. Екінші раундта қазақстандық боксшы тік тұрған күйінде нокдаунға түскенімен, кездесуді жалғастырып, қарсыласынан басым түсе алды.
Жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілердің шешімі екіге бөлініп, 3:2 есебімен Мадира Жұмақан жеңімпаз атанды.
Жартылай финалда Қазақстан мен Өзбекстан кездеседі
Енді Мадира Жұмақан финал жолдамасы үшін өзбекстандық Назокат Мардоновамен жұдырықтасады.
Бұл кездесу екі елдің жас боксшылары арасындағы маңызды жекпе-жектердің бірі болмақ. Жеңіске жеткені әлем чемпионатының финалына шығып, алтын медаль үшін таласу құқығына ие болады.
Мадира Жұмақан үшін алдағы кездесудің маңызы зор. Қазақстандық боксшы қола жүлдені қамтамасыз еткеніне қарамастан, әлем чемпионы атану мүмкіндігін сақтап отыр.
Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан әлем біріншілігі World Boxing халықаралық федерациясының ұйымдастыруымен өткізіліп жатыр. 16–27 қазан аралығына жоспарланған додаға әлемнің 69 елінен 474 жас боксшы қатысуда. Ұлдар мен қыздар арасында 20 салмақ дәрежесі бойынша жүлделерді сарапқа салады.