Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Ел қоржынына бес медаль түсті: Бокстан ӘЧ-ның тоғызыншы күні қалай өтті?

Черногорияның Будва қаласында 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатының тоғызыншы жарыс күні Қазақстан құрамасы үшін табысты аяқталды.

Ел қоржынына бес медаль түсті: Бокстан ӘЧ-ның тоғызыншы күні қалай өтті?
instagram.com/boxingkazakhstan/

Қазақстан күндізгі сессияда үш жеңіске жетті

24 қазанда өткен күндізгі сессияда Қазақстан құрамасының бес өкілі шаршы алаңға шықты. Олардың үшеуі қарсыластарынан басым түсіп, әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды.

55 келіге дейінгі салмақта Айдос Үсенов ресейлік Ислам Магомедовпен кездесті. Үш раунд қорытындысында төрешілер бірауыздан ресейліктің жеңісін тіркеді. Осылайша Үсенов әлем чемпионатындағы өнерін аяқтады.

Ал 60 келіге дейінгі салмақта Индира Қыдырмолдаева венесуэлалық Едмар Муньосты төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіп, жартылай финалға өтті.

Осы салмақ дәрежесінде ерлер арасында сынға түскен Данияр Ақбисенов те маңызды жеңіске жетті. Ол мексикалық Хосуэ Сепеданы үш мәрте нокдаунға түсірді. 

70 келіге дейінгі салмақта Бейбарыс Әшірбай 2025 жылғы АҚШ чемпионы Асанте Ламармен жұдырықтасты. Тартысты кездесуде қазақстандық былғары қолғап шебері 3:0 есебімен жеңіске жетіп, медаль иеленді. Бірақ 75 келіге дейінгі салмақта Алтынгүл Аймұхан қытайлық Гун Шэньцзеден жеңіліп, жүлдеге таласу мүмкіндігінен айырылды.

Кешкі сессияда қазақ қыздары екі медаль иемденді

Кешкі бағдарламада Қазақстан атынан екі боксшы өнер көрсетіп, екеуі де жеңіске жетті.

51 келіге дейінгі салмақта Мадира Жұмақан испаниялық Андреа Буэльга Гарсиямен кездесті. Алғашқы раундта қарсыласына есе жіберген қазақ қызы кейін есепті өз пайдасына өзгертті. Үш раунд қорытындысында төрешілердің шешімі екіге бөлініп, Мадира 3:2 есебімен жеңіске жетті. Осылайша ол әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды.

Ал 57 келіге дейінгі салмақта Азияның үш дүркін чемпионы Алина Құдайгенова британиялық Сиобхан Халейді айқын басымдықпен жеңді. Төрешілер бірауыздан қазақстандық боксшының жеңісін тіркеп, Құдайгенова да кемінде қола медальды қамтамасыз етті.

Осылайша жарыстың тоғызыншы күнінде Қазақстан құрамасының бес боксшысы жартылай финалға шықты. Олардың барлығы кемінде қола жүлдені қамтамасыз етті.

World Boxing ұйымының ұйымдастыруымен өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионаты 27 қазанға дейін жалғасады. Алдағы жекпе-жектерде қазақстандық боксшылар финал жолдамалары үшін таласады.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Клуб беті: Қазақстан U19