"Канело" ақша берген боксшы қазақстандықтан оңбай жеңілді
Данияр Ақбисенов Черногорияның Будва қаласында 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатында жартылай финалға жолдама алды.
Мексикалық боксшыны жеңді
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің ширек финалында қазақстандық былғары қолғап шебері Хосуэ Сепедамен кездесті. Үш раундқа созылған тартысты жекпе-жекте Ақбисенов айқын басымдық танытты. Ол бірінші, екінші және үшінші раундтардың әрқайсысында қарсыласын нокдаунға түсірді.
Төрешілердің шешімімен 4:1 есебімен жеңіске жеткен Данияр жартылай финалға өтті. Осылайша ол жасөсіпірімдер арасындағы әлем чемпионатының кемінде қола медалін еншілеп, алтын жүлдеге таласу мүмкіндігін сақтап қалды. Ал мексикалық Хосуэ Сепеда үшін әлем біріншілігі аяқталды.
Сауль "Канело" Альварес қолдаған
Ақбисеновтің қарсыласы Хосуэ Сепеда әлем чемпионатына дейін әлеуметтік желіде ерекше оқиғасымен танылған.
Мексикалық боксшы Будвадағы додаға қатысу құқығын жеңіп алғанымен, оның отбасы мен жергілікті бокс федерациясында жол шығындарын өтеуге жеткілікті қаражат болмаған. Осыған байланысты жас боксшы әлеуметтік желі арқылы қаржылай көмек сұраған.
Оның өтінішіне әлемнің бұрынғы абсолют чемпионы, әйгілі мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альварес үн қатқан. Танымал былғары қолғап шебері үш күн ішінде Сепеданың ұшақ билеті, қонақүйі және өзге де қажетті шығындары үшін 80 мың мексикалық песо аударған. Осы қолдаудың арқасында Сепеда әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Черногорияның Будва қаласында World Boxing ұйымының ұйымдастыруымен өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионаты 16 қазанда басталды және 27 қазанға дейін жалғасады.
Биылғы додаға әлемнің 69 мемлекетінен 474 жас боксшы қатысуда. Олар 20 салмақ дәрежесінде, атап айтқанда, ұлдар мен қыздар арасында 10 салмақтан жүлделерді сарапқа салады.