Бес қазақстандық боксшы ӘЧ ширек финалына шықты
Черногорияда 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатының жетінші жарыс күні Қазақстан үшін табысты аяқталды.
Күндізгі сессия: Қазақстандық боксшылар үш жеңіске жетті
Жарыстың күндізгі бағдарламасында қазақстандық үш боксшы шаршы алаңға шығып, қарсыластарын жеңді.
55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Айдос Үсенов кубалық Иверсон Акостамен кездесті. Үш раундқа созылған тартыста отандасымыз 5:0 есебімен жеңіске жетті.
65 келі салмақта Ақжүрек Қалабай Қырғызстан намысын қорғаған Элдияр Тенисбековке қарсы жұдырықтасты. Мұнда да қазақстандық боксшы айқын басымдық танытты
Ал 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Бейбарыс Әшірбай австралиялық Люк Насифпен қолғап түйістірді. Бұл кездесуде де отандысымыз сенімді өнер көрсетіп, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті.
Кешкі сессия: екі жеңіс және ресейліктен жеңіліс
Кешкі бағдарламада Қазақстан құрамасының тағы үш өкілі әлем чемпионатындағы кезекті жекпе-жектерін өткізді.
51 келі салмақта Мадира Жұмақан Италиядан келген Корин Мари Фавимен кездесті. Қазақ қызы қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмай 5:0 есебімен жеңіске жетті.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Данияр Ақбисенов түркиялық Фуркан Авармен тартысты кездесу өткізді. Жекпе-жек тағдырын төрешілер шешіп, қазақстандық былғары қолғап шебері 3:2 есебімен жеңімпаз атанды.
Ал 80 келі салмақта өнер көрсеткен Тимур Тайбеков жарысты жалғастыра алмады. Ол ресейлік былғары қолғап шебері Прохор Старцевке қарсы екінші раундта мерзімінен бұрын жеңіліске ұшырады. Нәтижесінде Тайбеков әлем чемпионатындағы өнерін аяқтады.
Осымен әлем біріншілігінің жетінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасы алты кездесудің бесеуінде жеңіске жетті. Бес боксшымыз ширек финалда медаль үшін күресін жалғастырады.
Айта кетейік, World Boxing ұйымының ұйымдастыруымен өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионаты 27 қазанда мәреге жетеді.