Қарсыласын нокдаунға жіберген қазақстандық боксшы ӘЧ-нан шығып қалды
Черногорияның Будва қаласында 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тағы бір боксшысынан айырылды.
Қазақстан — Америка теке-тіресі
World Boxing ұйымының ұйымдастыруымен өтіп жатқан дүниежүзілік додада Жадыра Қалтай 1/8 финалда америкалық Сиана Нозфаламен кездесті. Жекпе-жектің алғашқы раундында Нозфала басымдық танытты. Бес төрешінің барлығы бұл үшминуттықты америкалықтың пайдасына бағалады.
Екінші раундта қазақстандық боксшы шабуылын күшейтіп, қарсыласына қысым көрсете бастады. Бірақ америкалық боксшы қарымта соққылар арқылы ұпай жинауға тырысты.
Қарсыласын нокдаунға жіберді
Екінші раундтың аяқталуына 47 секунд қалғанда Жадыра Қалтай дәл соққы жасап, қарсыласын нокдаунға түсірді. Төреші америкалық боксшыға есеп ашты.
Дегенмен бұл сәт кездесудің жалпы барысын түбегейлі өзгерте алмады. Шешуші раунд алдында қазақстандық боксшы бес төрешінің де есебі бойынша 18:19 есебімен жеңіліп жатты.
Соңғы үшминуттықта Қалтай барынша белсенді қимылдап, бірінші нөмірмен жұмыс істеді. Ол қарсыласын үздіксіз шабуылдаумен болды. Ал Нозфала қорғаныстан қарымта шабуылға көшіп, өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға тырысты.
Үш раундтың қорытындысында төрешілердің басым бөлігі жеңісті Сиана Нозфалаға берді. Төрешілер есебі: 28:28, 29:27, 29:27, 29:27, 29:27.