Данияр Ақбисенов әлем чемпионатында медальға бір қадам жақындады
Қазақстандық боксшы Данияр Ақбисенов Черногорияның Будва қаласында U-19 әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды.
Түркиялықтан басым түсті
Әлем біріншілігінің 1/8 финалында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Данияр Ақбисенов Фуркан Авармен кездесті. Қазақ боксшы алғашқы раундта белсенді қимылдап, бес төрешінің төртеуі оның басымдығын мойындады.
Екінші раундта түркиялық боксшы қарқынын арттырып, есеп айырмасын қысқартуға тырысты. Дегенмен Ақбисенов қарсыласының шабуылдарына лайықты жауап беріп, 3:2 есебімен басым түсті.
Соңғы раундта қос боксшы да жеңіс үшін бар күшін салды. Тартысты өткен жекпе-жекте отандасымыз жинаған басымдығын сақтап қалды.
Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің бөлек шешімімен Данияр Ақбисенов 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Ширек финалда өнер көрсетеді
Сөйтіп Данияр Ақбисенов 1/8 финалдық кезеңнен сәтті өтіп, әлем біріншілігінің үздік сегіз боксшысының қатарына қосылды. Енді ол ширек финалда жеңіске жетсе, әлем чемпионатын кемінде қола медальмен аяқтайды.
Айта кетейік, 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионаты Будва қаласында 15–27 қазан аралығында өтіп жатыр.Биылғы додаға 80 мемлекеттен 500-ден астам боксшы қатысуда. Жарыста жалпы 20 салмақ дәрежесі бойынша медальдар сарапқа салынады.