Жапондық жаяу жүрудің пайдасы қандай?
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде жапондық интервалды жүру әдісі танымал болып жүр.
Мамандар аталған тәсілдің төзімділікті арттырып, жүрек-қан тамырлары жүйесін жаттықтыруға көмектесетінін айтады. Бірақ бұл әдіс шынымен де күніне 10 мың қадамның орнын баса ала ма?
Жапондық жүру әдісі қалай пайда болды?
Жапондық интервалды жүру (Interval Walking Training) әдісі 2000-жылдардың ортасында Синсю университетінің медицина факультетінде әзірленген. Бастапқыда ол жүгіруге немесе жоғары қарқынды жаттығуларға денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі орта және егде жастағы адамдарға арналған.
Әдіс "3 минут жылдам + 3 минут баяу" қағидасына негізделген. Мұндай цикл бес рет қайталанып, жаттығу шамамен 30 минутқа созылады.
2007 жылы жарияланған зерттеулерде интервалды жүрудің артериялық қысымды, қандағы қант пен липидтер көрсеткіштерін жақсартуға, сондай-ақ жалпы төзімділікті арттыруға ықпалы байқалған.
Ағзаға қалай әсер етеді?
Бұл әдістің негізгі ерекшелігі – қарқынды жүктеме мен қалпына келу кезеңдерінің кезектесуі. Жылдам жүрген кезде бұлшықеттер көбірек энергия жұмсайды, ал баяу қадам кезінде тыныс алу мен жүрек соғысы біршама қалыпқа келеді.
Жаттығуды енді бастаған адамның пульсі минутына 130-140 соққыға тез жетуі мүмкін. Ал тұрақты түрде спортпен айналысатын адамның жүрек соғысы баяу жиілейді.
Жаңа әдістің нәтижесі қандай?
Интервалды жаттығудан кейін ағза қалпына келуге де энергия жұмсайды. Бұл құбылыс "afterburn effect" деп аталады. Дегенмен оның нақты мөлшері әр адамда әртүрлі.
Жапондық әдісті зерттеген жұмыстарда қатысушылар аптасына кемінде төрт рет жаттыққан. Әр жаттығуды бес циклге дейін қайталап, бағдарламаны кемінде бес ай жалғастырған.
Зерттеулерде мұндай жүйелі жаттығулардың нәтижесінде төзімділіктің артып, артериялық қысымның төмендегені және аяқ бұлшықеттерінің күшейгені байқалған.
Ағзаға тигізер әсерлері
Эндокринолог маманның айтуынша бұл әдіс артық салмағы, артроз немесе варикозы бар, сондай-ақ егде жастағы адамдар үшін жүгіруге қарағанда қолайлы болуы мүмкін.
Жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдарға мұндай жаттығуды бастамас бұрын дәрігермен кеңесу қажет. Сондай-ақ бақыланбайтын артериялық гипертензия, жүрек жетіспеушілігі, өкпе аурулары немесе анемиясы бар адамдарға жүктеме жеке таңдалуы керек.
Мамандардың пікірінше, жапондық интервалды жүру – күнделікті қозғалысты көбейтудің және төзімділікті арттырудың қолжетімді тәсілдерінің бірі.