Мамандар кешкі жаттығудың ұйқыға әсерін түсіндірді
Кешкі уақытта қарқынды жаттығу жасау адамды шаршатқанына қарамастан, ұйқы режиміне әсер етуі мүмкін.
Физикалық жүктеменің ағзаға әсері жайлы жалпы практика дәрігері Елена Павлова "Sport express" басылымына берген сұхбатында айтты. Маманның түсіндіруінше, қарқынды жаттығу кезінде симпатикалық жүйке жүйесі белсенді жұмыс істейді. Сонымен қатар адреналин мен кортизол секілді гормондардың деңгейі бірнеше сағат бойы жоғары болуы мүмкін. Сондықтан жаттығудан кейін бірден босаңсып, ұйықтау оңай емес.
Бұған дене температурасының көтерілуі де әсер етеді. Физикалық жүктеме кезінде ағза қызады, ал ұйқыға дайындық барысында ішкі дене температурасы төмендеуі керек. Дене жиналған жылуды толық шығарғанша, ұйқыға кету уақыты созылуы мүмкін.
Сондай-ақ жаттығудан кейінгі жүйке жүйесінің белсенділігі мен спортзалдағы жарықтың қарқындылығы да ұйқыға кедергі келтіреді. Жарық ұйқыны реттеуге қатысатын мелатонин гормонының бөлінуін тежеуі мүмкін.
Жаттығудан кейін ұйқыны жақсарту үшін не істеу керек?
Білікті маман қарқынды жаттығуды ұйқыға дейін кемінде 2-3 сағат бұрын аяқтауға кеңес береді. Жаттығудан соң жеңіл созылу және баяу қимылдардан тұратын денені салқындату жаттығуларын орындаған жөн. Сондай-ақ тым ыстық емес, жылы душ қабылдау ағзадан артық жылуды шығаруға көмектеседі.
Үйде жарықты бәсеңдетіп, ұйықтар алдында гаджеттерді қолдануды шектеген дұрыс. Дегенмен кешкі жаттығу әр адамның ұйқысына әртүрлі әсер етеді. Егер физикалық жүктемеден кейін ұйқыңыз бұзылмаса, жаттығу кестесін өзгертудің қажеті жоқ.