Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында Қытайды тас-талқан етті
Хоккейден Қазақстан құрамасы 2027 жылғы Азия чемпионатындағы екінші кездесуінде Қытайды 5:0 есебімен ойсырата жеңді.
Қытайға бес шайба соқты
Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында өтіп жатқан құрлықтық додада қазақстандық хоккейшілер Қытай құрамасына қарсы мұз айдынына шықты.
Кездесудің алғашқы кезеңінде екі команда да есеп аша алмады. Бірақ екінші жиырма минуттықта Қазақстан құрамасы ойын тізгінін өз қолына алды.
Алдымен Максим Мухаметов қарсылас қақпасын дәл көздеп, ұлттық құраманы алға шығарды. Көп ұзамай Саян Данияр есеп айырмасын екі шайбаға жеткізді.
Үшінші кезеңде қарсыласын толық тізе бүктірді
Шешуші кезеңде қазақстандық хоккейшілер шабуыл қарқынын одан әрі күшейтіп, Қытай қақпасына тағы үш шайба енгізді. Бұл жолы Артур Гатиятов, Асқар Жолбарысов және Кирилл Никитин нәтижелі соққыларымен көзге түсті.
Қазақстан құрамасы Азия чемпионатындағы келесі кездесуін 8 қарашада Оңтүстік Кореяға қарсы өткізеді. Матч Астана уақытымен сағат 13:30-да басталады.