Қазақстан Загребте сенсация жасап, Гран-при "алтынын" еншіледі
Дзюдошы Нұрқанат Серікбаев Хорватияның астанасындағы Гран-при турнирінде алтын медаль жеңіп алды.
Финалда фаворитті жеңді
Нұрқанат Серікбаев 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің шешуші белдесуінде Бразилия намысын қорғаған Роналд Лимамен кездесті. Жекпе-жек алдында фаворит саналған бразилиялық әлемдік рейтингте сегізінші орында тұрса, қазақстандық дзюдошы 16-сатыға жайғасқан еді.
Дегенмен рейтингтегі айырмашылық Серікбаевқа кедергі болмады. Отандасымыз қарсыласына қарсы сәтті әдіс қолданып, иппонмен таза жеңіске жетті. Сөйтіп Нұрқанат Серікбаев Загреб Гран-приінің алтын жүлдесін Қазақстан қоржынына салды.
Алтынға қалай жетті?
Нұрқанат Серікбаев турнирдегі алғашқы белдесуінде аргентиналық Минору Тамасиродан басым түсті. Келесі айналымда бразилиялық Кристиан Силваны жеңді.
Ширек финалда португалиялық Мигел Нери Гагамен күш сынасты. Бұл кездесуде Серікбаев екі мәрте "ваза-ари" ұпайын алып, жартылай финалға жолдама иеленді.
Финалға шығар жолда қазақстандық дзюдошы Италиядан келген Валерио Аккольимен белдесті. Тартысты кездесуде бір "ваза-ари" ұпайы Серікбаевтың жеңісіне жеткілікті болды.
Ал Роналд Лима жартылай финалда әзербайжандық Низами Имрановты жеңіп, алтын медаль үшін күресуге мүмкіндік алған еді.
Қазақстандық дзюдошы финалда жеңген Роналд Лима халықаралық аренада бірнеше мәрте топ жарған.
Бразилиялық дзюдошының басты жетістіктері:
- 2022 және 2026 жылдар – Оңтүстік Америка ойындарының чемпионы;
- 2025 жыл – Панамерика және Океания чемпионатының алтын жүлдегері;
- 2025 жыл – Линц Гран-приінің жеңімпазы;
- 2026 жыл – Линц Гран-приінің күміс жүлдегері;
- 2026 жыл – Циндао Гран-приінің қола жүлдегері.
Сонымен қатар Лима жасөспірімдер мен жастар арасындағы жарыстарда да жоғары нәтижелерге жеткен. Ол 2023 жылы Бремендегі халықаралық турнирде, 2024 жылы Прагада өткен Еуропа кубогында алтын медаль жеңіп алған. Ал 2022 жылы Венгрияның Пакш қаласындағы Еуропа кубогында күміс жүлдегер атанған.