Дидье Дешам бургер жарнамасы үшін бапкерлік қызметтен бас тартты
Жарнаманың әсерлігін сақтау үшін Дешамның келісімшартына арнайы тармақ енгізілген.
Франция құрамасының бұрынғы бас бапкері Дидье Дешам Burger King жарнамасына түсіп, елді елең еткізді. 58 жастағы маманның қатысуымен түсірілген ерекше бейнеролик Франция – Аргентина регби матчының үзілісі кезінде көрсетілді.
Сценарий Дешам үшін өзгертілген
Жарнамалық жобаны әзірлеген Buzzman агенттігінің директоры Жюльен Левиленнің айтуынша, роликтің бастапқы нұсқасы басқа болған.
Алғашқы сценарий бойынша оқиға қарттар үйінде өтуі тиіс еді. Алайда агенттік бұл идеяны Дешам үшін тым батыл деп бағалап, локацияны Burger King мейрамханасының асүйіне ауыстырған. Осы өзгерістен кейін Дешам жобаға қатысуға келісім берген.
Гонорары бірнеше жүз мың еуроға бағаланды
Франциялық маманның жарнама үшін алған сыйақысы бірнеше жүз мың еуро шамасында деп бағаланып отыр.
Дешам үшін бұл жоба тек қаржылық тұрғыдан ғана емес, имидждік жағынан да тиімді болған.
Келісімшартта ерекше талап болған
Жарнаманың әсерлігін сақтау үшін Дешамның келісімшартына арнайы тармақ енгізілген. Оған сәйкес, ролик эфирге шыққанға дейін француз маманы ешбір клубпен немесе футбол федерациясымен жаңа келісімшарт жасамауға міндеттелген. Мұндай талап Burger King-пен әріптестіктің тосынсый эффектісін жоғалтпау үшін енгізілген.
Айта кетейік, Дидье Дешам Франция ұлттық құрамасын 2012 жылдан 2026 жылға дейін басқарды. Ол 2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін қызметінен кетіп, содан бері клуб та, ұлттық құрама да басқарған жоқ.