Ангелина Лукас нокаутпен жеңгеннен кейін әлемдік рейтингте көтерілді
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас BoxRec нұсқасы бойынша ең жеңіл салмақтағы әлемдік рейтингтің екінші сатысына жайғасты.
Германиядағы жекпе-жек қалай аяқталды?
Лукас пен Эспиноса арасындағы кездесу 21 қарашада Германияның Ландсхут қаласында өтті. Қазақстандық боксшының басымдығымен өрбіген айқасты төреші жетінші раундта тоқтатты. Лукас шабуылдарының бірінде қарсыласына небәрі 18 секунд ішінде 43 соққы бағыттаған.
Жеңістен кейін Ангелина Лукас BoxRec рейтингінде екінші орынға көтерілді. Оның алдында тек даниялық Дина Торслунд тұр.
Қазақстандық боксшы әлеуметтік желідегі жазбасында бұл жетістіктің өзі үшін ерекше маңызды екенін жеткізді:
"Бүгін мен керемет бақыттымын! Аргентиналық қарсыласымды жеңгеннен кейін әлемдік рейтингтің үздік екі боксшысының қатарына кірдім. Бұл мен үшін өте маңызды. 274 боксшының ішінде алдымда тек абсолютті әлем чемпионы Дина Торслунд тұр, одан кейін менмін. Үшінші орында австралиялық Чернека Джонсон — бұрынғы абсолютті әлем чемпионы", — деп жазды Лукас.
Өзге ұйымдардың рейтингіндегі орны
Ангелина Лукас басқа да бокс ұйымдарының үздіктері қатарында. Ол:
- IBF рейтингінде — екінші орында;
- IBO рейтингінде — екінші орында;
- WBC рейтингінде — алтыншы орында.
Қазақстандық боксшы 2024 жылдың сәуірінде BoxRec рейтингінің алғашқы ондығына енген еді. Содан бері ол тағы сегіз жекпе-жекте жеңіске жетіп, әлемдік рейтингтегі орнын нығайтты.