"Бірінші раундта нокаут": Дияр Нұрғожайдың UFC-дегі жекпе-жегіне болжам жасалды
Дияр Нұрғожай мен Алик Лоренц арасындағы жекпе-жек 21 қарашада Дохада өтеді.
Қазақстандық жартылай ауыр салмақтағы файтер Дияр Нұрғожайдың UFC Qatar турниріндегі жекпе-жегіне қатысты болжам жарияланды.
Америкалық Lindy’s Sports басылымы Нұрғожай мен АҚШ өкілі Алик Лоренц арасындағы кездесудің ықтимал нәтижесін бағалап, қазақстандық спортшының мерзімінен бұрын жеңіске жетуі мүмкін екенін жазды.
"Бірінші раундта нокаутқа түсіреді"
Материал авторы Нұрғожайдың соққы қуатын және UFC-дегі тәжірибесін басты артықшылық ретінде атап өткен.
"Нұрғожайдың нокаутқа түсіретін соққысы өте қуатты. Сонымен қатар оның UFC-де өнер көрсету тәжірибесі бар. Бұл ұйымдағы дебютін өткізетін Лоренцке қарсы кездесуде үлкен рөл атқаруы тиіс.
Нұрғожай Лоренцті бірінші раундтың өзінде нокаутқа түсіріп, жеңісті сериясын қатарынан үш кездесуге дейін жеткізеді деп күтуге болады", – деп жазады басылым.
Lindy’s Sports жекпе-жектің нақты болжамы ретінде Дияр Нұрғожайдың техникалық нокаутпен жеңісін таңдаған.
Лоренц UFC-де алғаш рет өнер көрсетеді
Алик Лоренц үшін Дохадағы кездесу UFC ұйымындағы алғашқы жекпе-жек болмақ. Ал Нұрғожай бұған дейін промоушенде өнер көрсеткендіктен, америкалық басылым қазақстандықтың жоғары деңгейдегі жекпе-жек тәжірибесіне ерекше мән берген.
Айта кетейік, Дияр Нұрғожай мен Алик Лоренц арасындағы жекпе-жек 21 қарашада Дохада өтеді.