Отандық дзюдо жұлдызы Загребте сенсациялық жеңіліске ұшырады
Әлем чемпионаттарының үш дүркін жүлдегері Әбиба Әбужақынова Загребтегі Гран-при турниріндегі алғашқы белдесуінде күтпеген жерден жеңіліп қалды.
Алғашқы белдесуінде есе жіберді
48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз польшалық Виктория Шлёнзокқа есе жіберіп, жүлде үшін күресті ерте аяқтады.
Қазақстандық дзюдошы жарыстың бірінші айналымынан босатылып, белдесуді бірден 1/8 финалдан бастады. Ал оның қарсыласы Виктория Шлёнзок бұған дейін мальталық Катрина Эспозитоны жеңіп, келесі кезеңге жолдама алған.
Қазақстандық жанкүйерлер Әбибадан жеңіс күткенімен, татамидегі тартыс күтпеген нәтижемен аяқталды. Белдесу тағдырын польшалық дзюдошының еншісіне жазылған бір "юко" ұпайы шешті. Нәтижесінде Шлёнзок ширек финалға өтіп, Әбужақынова Загреб Гран-приімен қоштасты.
Рейтингтегі үлкен айырмашылық көмектеспеді
Бұл жеңілістің сенсация саналуының басты себебі – екі дзюдошының әлемдік рейтингтегі орындары.
Турнирге қатысушылар тізімінде Әбиба Әбужақынова 21-орында, ал оның қарсыласы Виктория Шлёнзок 98-сатыда тұрған. Яғни қазақстандық дзюдошы әлемдік рейтингте қарсыласынан 77 орын жоғары орналасқанына қарамастан жеңіліске ұшырады.
Әбужақынованың әлемдік деңгейдегі жетістіктері
Әбиба Әбужақынова – Қазақстан әйелдер дзюдосының жетекші дзюдошыларының бірі.
Ол әлем чемпионаттарында үш рет жүлдегер атанған:
- 2022 жыл, Ташкент – қола медаль;
- 2024 жыл, Абу-Даби – қола медаль;
- 2025 жыл, Будапешт – күміс медаль.
Сонымен қатар қазақстандық дзюдошы Ханчжоу мен Нагояда өткен Азия ойындарында екі мәрте күміс жүлдеге ие болды.
Әбужақынованың еншісінде Гран-при санатындағы екі алтын медаль да бар. 2023 жылы Португалияда, ал 2025 жылы Австрияда ұйымдастырылған халықаралық турнирлерде топ жарған.