Диёра Келдиёрова қазақ қызын мерзімінен бұрын жеңді
Аружан Ережепова Загребтегі Гран-при турнирінде Париж Олимпиадасының чемпионы, өзбекстандық Диёра Келдиёроваға есе жіберді.
Олимпиада чемпионымен белдесті
52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Аружан Ережепова жарыстың 1/16 финалында Өзбекстан құрамасының көшбасшыларының бірі Диёра Келдиёровамен кездесті. 2024 жылғы Париж Олимпиадасының алтын жүлдегері айқас барысында басымдық танытып, қарсыласына мүмкіндік бермеді.
Белдесудің негізгі уақыты аяқталуына 1 минут 47 секунд қалғанда Келдиёрова нәтижелі әдіс қолданып, қазақстандықты "иппон" ұпайымен жеңді.
Кездесу тоқтатылған сәтте Ережепованың еншісінде бір "шидо" ескертуі болды.
Сөйтіп Диёра Келдиёрова Загреб Гран-приінің 1/8 финалына жолдама алса, Аружан Ережепова жарысты алғашқы айналымда аяқтады.
Келдиёрова халықаралық жарыстарға қайта оралды
Айта кетейік, Загребтегі Гран-при өзбекстандық дзюдошының татамиге қайта оралғаннан кейінгі үшінші халықаралық турнирі саналады. Биыл қазан айында Келдиёрова Ақтауда ұйымдастырылған Азияның ашық кубогында чемпион атанды.
Одан кейін Абу-Дабиде өткен Grand Slam турниріне қатысып, екінші айналымда израильдік Гефен Примоға жол берген еді. Енді Париж Олимпиадасының чемпионы Загребтегі жарыста жүлде үшін күресін жалғастырады.