Димаш Құдайберген Мексикада бокс белбеуін алды
Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) құрмет белбеуін алды. Марапат Мехикодағы Palacio de los Deportes аренасында табысталды.
Димаш салтанатты рәсімнен түскен суреттерін әлеуметтік желіде жариялады. Әнші белбеуді алуды үлкен мәртебе деп бағалап, бұл сәт өмір бойы есінде қалатынын айтты.
Оның айтуынша, спорт пен музыканың тілі бөлек болғанымен, екеуіне де қайсарлық, тәртіп пен шеберлікті шыңдауға ұмтылыс тән. Сондай-ақ спорт пен өнер әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарды біріктіре алады. Құдайберген құрмет көрсеткен WBC ұйымына және өзін жылы қарсы алған мексикалық көрермендерге алғыс білдірді.
Орта салмақтағы WBC титулына қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов үміткер. Ережеге сай, міндетті үміткер мәртебесіндегі Нұрсұлтанов чемпион Карлос Адамеспен кездесуі тиіс. Қазақстандық боксшыны кейбір БАҚ "Головкиннің ізбасары" деп атайды.