Мессидің бір жылдық жалақысы MLS-тегі 25 клубтың шығынынан асып түсті
Аргентиналық шабуылшының бір жылдық кепілдендірілген табысы 28,33 миллион долларға жеткен.
"Интер Майами" капитаны Лионель Месси MLS-тегі ең жоғары жалақы алатын футболшы мәртебесін сақтап қалды. Аргентиналық шабуылшының бір жылдық кепілдендірілген табысы 28,33 миллион долларға жеткен.
MLS ойыншылар қауымдастығы жариялаған дерекке сәйкес, өткен жылы Мессидің келісімшарт бойынша жылдық табысы 20,45 миллион доллар болған.
Осылайша, аргентиналық жұлдыздың бір жылдық табысы шамамен 7,88 миллион долларға өскен.
Левандовски екінші орында
MLS-тегі ең жоғары жалақы алатын футболшылар рейтингінде екінші орынға "Чикаго Файр" шабуылшысы Роберт Левандовски жайғасты. Польша құрамасының ойыншысы жылына 19,51 миллион доллар табыс табады. Бұл Мессидің көрсеткішінен 8,82 миллион долларға аз.
Үздік бестікке сондай-ақ:
- Антуан Гризманн ("Орландо Сити") – 13,94 миллион доллар;
- Сон Хын Мин ("Лос-Анджелес") – 11,25 миллион доллар;
- Брель Эмболо ("Атланта Юнайтед") – 10,81 миллион доллар енді.
Бір Мессидің жалақысы 25 клубтың жалақы қорынан көп
Мессиге қатысты ең қызықты көрсеткіштердің бірі – оның жеке жылдық табысы MLS-тегі 25 клубтың бүкіл ойыншыларына төленетін жалпы жалақы қорынан да жоғары.
Олардың арасында тұрақты чемпионатта жеңіске жеткен "Нэшвилл" де бар. Клубтың ойыншыларға арналған жылдық жалақы қоры 24,97 миллион долларды құрайды. Яғни Мессидің жеке табысы "Нэшвиллдің" бүкіл құрамына төленетін сомадан 3,36 миллион долларға көп.
"Интер Майами" лига рекордын жаңартты
"Интер Майамидің" жалпы жалақы қоры 59,37 миллион долларға жеткен. Бұл – MLS тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Соған қарамастан, команда Шығыс конференциясында тұрақты чемпионатты "Нэшвиллден" кейінгі екінші орында аяқтаған.