Асаубаева Еуропадағы супертурнирде тағы бір жеңіске жетті
Шахматшы Бибісара Асаубаева Будапештте Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 халықаралық турнирінің төртінші жарыс күнін сәтті бастады.
Үндістандық шахматшыдан басым түсті
D тобындағы үшінші турда Бибісара Асаубаеваның қарсыласы Вайшали Рамешбабу болды. Алғашқы партияда ақ фигуралармен ойнаған отандасымыз қарсыласын 1:0 есебімен жеңіп, маңызды нәтижеге жетті.
Турнир ережесіне сәйкес, әр турда қатысушылар Fast Classic ("жылдам классика") форматында екі партиядан тұратын шағын матч өткізеді. Екінші кездесуде шахматшылар фигуралардың түсін ауыстырады.
Асаубаева мен Рамешбабу арасындағы қарымта партия осы жарыс күнінің кейінгі бөлігінде өтеді. Бұл жолы қазақстандық шахматшы қара фигуралармен ойнайды.
Үздік гроссмейстерлерімен сынға түсуде
Бибісара өнер көрсетіп жатқан D тобында шахмат әлеміне танымал бірнеше гроссмейстер бақ сынап жатыр. Олардың қатарында америкалық Уэсли Со мен Ханс Ниманн, үндістандық Арджун Эригайси және франциялық Максим Вашье-Лаграв бар.
Қазақстандық шахматшы бұған дейін де осы қарсыластардың кейбірімен кездесіп, тартысты партиялар өткізген.
Жарыстың алғашқы үш күнінде Асаубаева алдын ала блиц турниріне қатысып, топтық кезеңнің екі турын аяқтады. Блиц бәсекесінде отандасымыз 0,5 ұпай жинап, 24 қатысушының арасында соңғы орынға тұрақтады.
Бірақ негізгі кезеңде қазақстандық шахматшы нәтижесін жақсарта бастады. Бірінші турда Бибісара америкалық Уэсли Соға қарсы екі партияны да тең аяқтады. Ал екінші айналымда Үндістанның мықты гроссмейстерлерінің бірі Арджун Эригайсимен кездесіп, екі партияның бірінде жеңіске жетті. Екінші партияда үндістандық спортшы басым түсті.
Сөйтіп алғашқы екі турдың қорытындысы бойынша Асаубаеваның еншісінде бес турнирлік ұпай болды.
Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 додасының жалпы жүлде қоры 650 мың АҚШ долларына тең.