Музыканың жүгіру техникасына әсері анықталды
Жүгіру кезінде музыка тыңдау көптеген спортшы үшін әдеттегі дағдыға айналған.
Ырғақты музыка жүгіру қарқынын біршама арттыруға ықпал етуі мүмкін. Ол спортшының шаршағанын сезінуін бәсеңдетіп, көңіл күйін жақсартады және жаттығу кезінде мотивацияны сақтауға көмектеседі. Әсіресе ұзақ қашықтықта немесе қарқынды жаттығулар кезінде сүйікті әуендер қосымша психологиялық қолдау бола алады.
Дегенмен музыка физикалық дайындықтың, дұрыс жаттығу жоспарының орнын баспайды. Ол тек жүгіру процесін жеңілдететін қосымша құрал ретінде қарастырылуы керек.
Жүгіру қарқынына қарай музыканы қалай таңдау керек?
Жаттығуға арналған плейлист құрастыру кезінде жүгіру темпіне, яғни бір минуттағы қадам санына назар аударуға болады. Музыканың ырғағын қадам жиілігімен сәйкестендіру жүгіру техникасын қалыптастыруға көмектеседі.
Жүгіру жаттықтырушысы Вячеслав Смаев "Спорт-Экспресс" басылымымен сұхбатында, музыкалық ырғаққа сәйкес қадам басу арқылы спортшы қажетті қозғалыс жиілігіне біртіндеп дағдылана алатынын айтқан.
"Бұл жүгіру техникасын түзетуге пайдалы. Музыка ырғағына сай қадам басуға тырысу арқылы бір минутта 170 және одан да көп қадам жасауға бейімделуге болады", – дейді маман.
Алайда 170 қадам барлық жүгіруші үшін міндетті көрсеткіш емес. Қадам жиілігі адамның жүгіру жылдамдығына, тәжірибесіне және қозғалыс техникасына байланысты өзгеріп отырады. Сондықтан әр спортшы өзіне қолайлы қарқынды таңдағаны жөн.
Музыка жарыс алдындағы көңіл күйге әсер ете ме?
Энергияға толы композициялар спортшының жігерін арттырып, зейінін шоғырландыруға және старт алдында қажетті көңіл күй қалыптастыруға көмектеседі. Алайда шамадан тыс эмоцияға беріліп, жарыстың алғашқы кезеңінде жоспарланған қарқыннан жылдам жүгіру де қауіпті. Бұл күшті мерзімінен бұрын жұмсауға әкелуі мүмкін.
Сондықтан стартта эмоцияны бақылап, алғашқы қарқынды дұрыс таңдаған маңызды. Музыка шаршау сезімін жеңілдетіп, жаттығуға деген ынтаны арттырғанымен, спорттық нәтижені автоматты түрде жақсартпайды. Жүгіруші ең алдымен өз мүмкіндігін, физикалық дайындығын және жоспарланған жылдамдығын ескеруі қажет.
Сондай-ақ қауіпсіздік мәселесін де ұмытпаған жөн. Қоғамдық жолдарда, көлік қозғалысы көп жерлерде немесе жарыс кезінде құлаққап пайдалану шектелуі мүмкін.