Асхат Тағыбергеннің "Тобылдағы" тағдыры шешілді
Биыл жартылай қорғаушы барлық турнирде 29 матч өткізіп, 3 гол соқты және 7 нәтижелі пас берді.
"Тобыл" футбол клубы команда капитаны әрі жартылай қорғаушы Асхат Тағыбергенмен келісімшартты ұзартқанын ресми түрде жариялады.
Клубтың баспасөз қызметі тәжірибелі футболшының өткен маусымдағы үлесін ерекше атап өтті.
Тағыберген маусымда 29 матч өткізді
Өткен маусымда Асхат Тағыберген "Тобыл" сапындағы ең пайдалы ойыншылардың бірі болды. Жартылай қорғаушы барлық турнирде 29 матч өткізіп, 3 гол соқты және 7 нәтижелі пас берді.
Сонымен қатар биыл Тағыберген Қазақстан Премьер-лигасындағы маңызды межеге жетті. Ол ел чемпионатындағы 400-матчын өткізді.
"Өткен маусымда Асхат команданың ең пайдалы ойыншыларының бірі атанып, клубтың жеңістеріне зор үлес қосты. Оның еншісінде – 29 матч, 3 гол және 7 нәтижелі пас. Сонымен қатар, биыл жартылай қорғаушы Қазақстан Премьер-Лигасындағы 400-ші матчін өткізіп, айтулы белесті бағындырды", – делінген клуб мәлімдемесінде.
"Мұндай футболшылар командаға қажет"
"Тобыл" президенті Айдос Дүйсенбиев те команда капитанының клуб үшін маңызын атап өтті.
"Мұндай футболшылар командаға қажет. Асхаттың тәжірибесі мол, көшбасшылық қасиеттері бар және клубтың талаптарын жақсы біледі. Оның тәжірибесі мен кәсібилігі жаңа маусымда команданың жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне көмектеседі деп сенеміз", – деді клуб президенті.