Бибісара Асаубаева әлемдік рейтингінің үздік бестігіне қайта оралды
22 жастағы қазақстандық рейтингін 5,4 ұпайға жақсартып, жетінші орыннан бірден бесінші сатыға шықты.
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева классикалық шахмат бойынша ФИДЕ-нің жаңартылған live-рейтингінде бесінші орынға көтерілді.
22 жастағы қазақстандық рейтингін 5,4 ұпайға жақсартып, жетінші орыннан бірден бесінші сатыға шықты. Қазір оның еншісінде 2537,4 рейтингтік ұпай бар.
Соңғы 12 айда Бибісара Асаубаеваның жалпы рейтингтік өсімі 24,4 ұпайды құрады.
Жаңартылған рейтингте қазақстандық шахматшыдан жоғары төрт спортшы орналасқан:
- Хоу Ифань (Қытай) – 2596,0 ұпай;
- Чжу Цзиньэр (Қытай) – 2559,0 ұпай;
- Цзюй Вэньцзюнь (Қытай) – 2553,0 ұпай;
- Александра Горячкина (Ресей) – 2540,0 ұпай.
Осылайша, Асаубаева әлемдік рейтингтің үздік бестігіне қайта кірді.
Алғаш рет топ-5 қатарына шілдеде енген
Бибісара Асаубаева ФИДЕ әлемдік рейтингінің үздік бестігіне алғаш рет 2026 жылдың шілдесінде кірген еді.
Бұл көрсеткішке ол Norway Chess Women турниріндегі жеңісінен кейін қол жеткізді. Алайда 1 қазанда Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының қорытындысынан соң жетінші орынға төмендеген.
Будапешттегі турнир рейтингке әсер етті
Қазақстандық шахматшы рейтингтік ұпайларын Венгрия астанасы Будапештте өткен Total Chess Pilot 2026 турниріндегі нәтижесінің арқасында жинады.
Жарыстағы жылдам классика форматындағы партиялар ФИДЕ-нің классикалық рейтингіне есептелді.
Асаубаева турнир барысында әлемнің жетекші гроссмейстерлерімен, соның ішінде норвегиялық Магнус Карлсен және америкалық Уэсли Сомен ойнады.
Турнирдің қорытынды кестесінде қазақстандық шахматшы 20-орын иеленді.