Қазақстандық бес дүркін әлем чемпионы Бейжіңде күміс медаль алды
Конькимен жүгіруден Қазақстан құрамасының өкілі Кристина Шумекова Қытай астанасындағы Әлем кубогының алғашқы кезеңінде күміс жүлде еншіледі.
Әлем кубогында үздік үштікке енді
19 жастағы қазақстандық конькиші А дивизионында 1000 метр қашықтыққа жүгіруден сынға түсіп, жоғары нәтиже көрсетті. Шумекова белгіленген қашықтықты 1 минут 15,64 секундта еңсеріп, қатысушылар арасында екінші орынға тұрақтады.
Бұл сында нидерландтық Ангел Далеман топ жарды. Ол мәреге 1 минут 14,07 секундта жетіп, алтын медаль иеленді. Ал Польшаның атынан өнер көрсеткен Виктория Домбровска 1 минут 15,85 секунд нәтижесімен қола жүлдені қанжығасына байлады.
Бейжіңдегі жүлдегерлер
1000 метр, А дивизионы:
- Ангел Далеман (Нидерланд) — 1:14,07
- Кристина Шумекова (Қазақстан) — 1:15,64
- Виктория Домбровска (Польша) — 1:15,85
Осылайша Кристина Шумекова Қазақстан құрамасына Бейжіңдегі Әлем кубогының алғашқы кезеңінде тұңғыш медаль сыйлады.
Бес дүркін әлем чемпионының жетістіктері
Айта кетейік, Кристина Шумекова бұған дейін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында тарихи нәтиже бағындырған.
Қазақстандық конькиші аталған додада бірден бес алтын медаль жеңіп алып, жасөспірімдер арасында абсолютті әлем чемпионы атанды.
Ол мына бағдарламалар бойынша қарсыластарынан басым түсті:
- 500 метр – алтын медаль;
- 1000 метр – алтын медаль;
- 1500 метр – алтын медаль;
- Әйелдер арасындағы командалық жарыс – алтын медаль;
- Кіші көпсайыс – алтын медаль.
Бұдан бөлек, Шумекова 3000 метр қашықтықта күміс жүлдеге ие болды.