Қазақстан 2027 жылы Олимпиадаға іріктеу турнирін қабылдауы мүмкін
Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) президенті Ингмар Де Вос кездесті.
Тараптар Қазақстанда ат спортын дамыту, халықаралық жарыстар өткізу және 2027 жылы Лос-Анджелес Олимпиадасына іріктеу турнирін қабылдау мүмкіндігін талқылады.
Кездесуде Қазақстанның 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу жарысын 2027 жылы өткізу жөніндегі өтінімі қаралды.
FEI президенті Ингмар Де Вос мұндай турнирді қабылдау үшін жүйелі дайындық қажет екенін атап өтті. Ол Қазақстанның артықшылықтары ретінде дамыған спорт инфрақұрылымын, географиялық орналасуын және шетелдік спортшылар үшін виза рәсімдерінің салыстырмалы түрде қолайлы екенін атады.
Астанада халықаралық жарыстар өткен
Тараптар бұған дейін Астанада конкурдан Әлем кубогының кезеңдері мен FEI Jumping World Challenge финалының сәтті ұйымдастырылғанын атап өтті.
Кездесуде алдағы уақытта Қазақстанда басқа да ірі халықаралық ат спорты жарыстарын өткізу мүмкіндіктері талқыланды.
Басқосуда сондай-ақ, Қазақстанда қашықтыққа шабу – Endurance бағытын дамыту әлеуеті де сөз болды.
"Қазақстанда дамытуға әлеуеті зор ат спортының бір түрі — қашықтыққа шабу (Endurance). Бұл бағытты дамытуға халқымыздың жылқы баптаудағы бай тәжірибесі мен ұзақ жолға төзімді қазақы жылқы тұқымдарының табиғи қасиеттері негіз бола алады", — делінген хабарламада.
FEI Қазақстанның әлеуетін жоғары бағалады
Халықаралық ат спорты федерациясының басшысы Қазақстан ҰОК-нің ұлттық және халықаралық федерациялармен байланысын күшейту бағытындағы жұмысын оң бағалады. Ол мұндай ынтымақтастық елдегі ат спортын дамытуға және спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға көмектесетінін атап өтті.
Кездесу соңында Ингмар Де Вос Қазақстанның ат спортындағы әлеуетін жоғары бағалап, осы бағыттағы жобаларды қолдауға дайын екенін білдірді.
Айта кетейік, 2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионатын өткізу жоспарланған.