Боксшы Әділ Асқанбай ӘЧ-да украиналық қарсыласын жеңді
Қазақстандық боксшы Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан U19 әлем чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегін жеңіспен аяқтады.
Қазақстан мен Украина арасындағы жекпе-жек қалай өтті?
50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Әділ Асқанбай 1/8 финалда украиналыш Михаил Сидоренкомен кездесті.
Үш раундқа созылған тартысты айқаста қазақстандық боксшы басым түсті. Төрешілердің бөлек шешімімен 4:1 есебінде Әділ Асқанбай жеңімпаз атанды.
Осылайша отандасымыз әлем біріншілігінің ширек финалына жолдама алып, жүлделі орындарға таласын жалғастырады.
Бокстан U19 әлем чемпионатына 474 боксшы қатысуда
World Boxing ұйымының ұйымдастыруымен өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты 16–27 қазан күндері Черногорияның Будва қаласында өтеді.
Биылғы додаға 69 ұлттық федерацияның атынан 474 боксшы қатысып жатыр. Боксшылар 20 салмақ дәрежесінде әлем чемпионатының медальдарын сарапқа салады.
Қазақстан құрамасының өкілі Әділ Асқанбай енді жартылай финалға шығу үшін шаршы алаңға көтеріледі.