Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Қазақстандық боксшы әлем чемпионатында қарсыласын аямады

Ақжүрек Қалабай Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан U19 әлем чемпионатында екінші жеңісіне жетті. 

Қазақстандық боксшы әлем чемпионатында қарсыласын аямады
Instagram/@boxingkazakhstan

Эстониялық боксшыны техникалық нокаутпен жеңді

65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Ақжүрек Қалабай әлем біріншілігінің 1/16 финалында эстониялық Александр Живолоуппен қолғап түйістірді.

Қазақстандық боксшы алғашқы минуттардан бастап белсенді қимылдап, қарсыласына айқын басымдық танытты. Жекпе-жек барысында Қалабай эстониялықты төрт рет нокдаунға түсірді.

Нәтижесінде екінші раундта төреші кездесуді тоқтатып, Ақжүрек Қалабайдың техникалық нокаутпен жеңіске жеткенін тіркеді. Осы жеңісінің арқасында қазақстандық боксшы әлем чемпионатының 1/8 финалына жолдама алып, алтын медаль үшін күресін жалғастырады.

Қазақстандық боксшы әлем чемпионатында қатарынан екі жеңіске жетті

Айта кетейік, Ақжүрек Қалабай Будвадағы әлем біріншілігін де мерзімінен бұрын аяқталған жеңіспен бастаған болатын.

Алғашқы кездесуінде ол қытайлық Кун Вангпен жұдырықтасқан. Бірінші раундта қарсыласы қабағынан жарақат алып, жекпе-жекті жалғастыра алмады. Осылайша қазақстандық боксшы келесі кезеңге өткен еді.

Енді Қалабай әлем чемпионатындағы үшінші жекпе-жегіне дайындалады.

World Boxing ұйымының ұйымдастыруымен өтіп жатқан U19 әлем чемпионаты 16–27 қазан аралығында Черногорияның Будва қаласында өтеді. Беделді халықаралық додаға 69 ұлттық федерациядан 474 боксшы қатысуда.

Бұл туралы не ойлайсыз?