Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Төрт жеңіс, екі нокаут! Қазақстан бокстан әлем чемпионатында алғашқы медалін алды

Черногорияның Будва қаласында бокстан U19 әлем чемпионатының бесінші жарыс күнінде Қазақстан жасөспірімдер құрамасы төрт жекпе-жекте жеңіске жетті. 

Төрт жеңіс, екі нокаут! Қазақстан бокстан әлем чемпионатында алғашқы медалін алды
Instagram/@boxingkazakhstan

Асқанбай украиналықты екі рет нокдаунға түсірді

Күндізгі сессияда 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Әділ Асқанбай 1/8 финалда украиналық Михаил Сидоренкомен қолғап түйістірді.

Қазақстандық боксшы алғашқы раундтың өзінде қарсыласын екі мәрте нокдаунға жіберді. Үш раундқа созылған тартысты кездесудің қорытындысында төрешілер 4:1 есебімен Асқанбайдың басымдығын мойындады. Осылайша отандасымыз ширек финалға жолдама алып, жүлдеге таласын жалғастырады.

Қалабай қарсыласын төрт рет нокдаунға жіберді

65 келі салмақта сынға түскен Ақжүрек Қалабай 1/16 финалда эстониялық Александр Живолоупқа қарсы рингке шықты.

Қазақстандық боксшы жекпе-жек барысында айқын басымдық танытып, қарсыласын төрт мәрте нокдаунға түсірді. Екінші раундта төреші кездесуді тоқтатуға мәжбүр болды.

Нәтижесінде Қалабай техникалық нокаутпен жеңіске жетіп, келесі кезеңге өтті.

Тайбеков сенімді жеңіске жетті

Кешкі сессияда 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Тимур Тайбеков португалиялық Гонсалу Родригешпен кездесті.

Үш раунд бойы жекпе-жек тізгінін өз қолында ұстаған қазақстандық боксшы төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл нәтиже Тайбековке әлем чемпионатының 1/8 финалына шығуға мүмкіндік берді.

Толыбай Қазақстан қоржынына алғашқы медаль салды

Жарыс күнінің басты жаңалығы 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде тіркелді. Зарина Толыбай ширек финалда Тувалу елінің намысын қорғаған Френсис Таафакимен жұдырықтасты.

Отандасымыз қарсыласын үш мәрте нокдаунға түсіріп, екінші раундта айқастың мерзімінен бұрын аяқталуына қол жеткізді.

Осы жеңістің арқасында Толыбай жартылай финалға өтіп, Қазақстан құрамасына 2026 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының алғашқы жүлдесін қамтамасыз етті.

Зарина енді кемінде қола медаль алады. Ал алдағы кездесуде жеңіске жетсе, алтын жүлде үшін жұдырықтасуға мүмкіндік алады.

U19 әлем чемпионаты қашан аяқталады?

World Boxing ұйымының ұйымдастыруымен өтіп жатқан әлем біріншілігі 27 қазанға дейін жалғасады.

Биылғы додаға 69 ұлттық федерациядан 474 боксшы қатысып жатыр. Жүлделер 20 салмақ дәрежесінде сарапқа салынады. Оның 10-ы ерлерге, қалған 10-ы әйелдерге арналған.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Клуб беті: Қазақстан U19