18 жылдан кейінгі кездесу: Бақыт Сәрсекбаев пен Олимпиада жүлдегері бірге суретке түсті
Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев Молдова жастар құрамасының бас бапкері Вячеслав Гожанмен кездесті.
Бейжің Олимпиадасының екі жүлдегері кездесті
Молдова жастар құрамасының бас жаттықтырушысы Вячеслав Гожан өзінің Instagram парақшасында Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаевпен бірге түскен суретін жариялады. Молдовалық маман әлеуметтік желідегі жазбасында қазақстандық боксшының Олимпиададағы жетістігін ерекше атап өтті.
"2008 жылы Бейжің Олимпиадасында 69 келіге дейінгі салмақта чемпион атанған қазақстандық боксшы – Бақыт Сәрсекбаев", – деп жазды Вячеслав Гожан.
Айта кетейік, Бақыт Сәрсекбаев пен Вячеслав Гожан 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарында жүлдегер атанған. Қазақстандық былғары қолғап шебері 69 келіге дейінгі салмақта Олимпиада алтынын иеленген еді. Ал молдовалық Вячеслав Гожан 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар Еуропа чемпионы атағына ие болған.
Сәрсекбаев Черногорияда қандай қызмет атқарып жүр?
Қазір екі маман да Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан бокстан 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатына қатысып жатыр. Бақыт Сәрсекбаев бұл жарысқа Қазақстанның U19 жастар құрамасының аға жаттықтырушысы ретінде барған. Ал Вячеслав Гожан әлемдік додада Молдова жастар құрамасының бас бапкері қызметін атқаруда.
World Boxing ұйымдастырған әлем чемпионаты 16–27 қазан аралығында өтеді.