Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Бақыт Сәрсекбаев: "Мақсатым - чемпиондардың тұтас буынын қалыптастыру"

Бокстан Қазақстанның U19 жастар құрамасының аға бапкері ұлттық командаға мықты резерв дайындау жоспарын бөлісті.

Бақыт Сәрсекбаев: "Мақсатым - чемпиондардың тұтас буынын қалыптастыру"
instagram.com/b.sarsekbayev/

Жас боксшыларға мүмкіндік беріледі

Сәрсекбаев Instagram парақшасында әртүрлі турнирге жаңа боксшыларды қатыстырып, олардың әлеуетін тексеруге дайын екенін жазды. Оның пікірінше, жастармен жұмыс істеуде бүгінгі нәтижемен ғана шектелуге болмайды.

"Мен жаңа есімдерді ашудан қорықпаймын. Әр турнирге әртүрлі боксшыны апарып, мүмкіндіктерін тексеруге және тәжірибе жинауына жағдай жасауға дайынмын. Бұл – қазіргі командамыз ғана емес, болашақ ұлттық құраманың резерві. Менің мақсатым әрі алдыма қойылған міндет – мықты резерв дайындау".

Бапкер тек тәжірибелі, нәтижесі бар боксшыларға сенім арту жас таланттардың жолын шектеуі мүмкін деп есептейді.

"Әр салмақта бірнеше мықты боксшы болуы керек"

Маман ұлттық құрамадағы орын үшін бәсекені күшейтуді көздейді. Ол әр салмақта халықаралық деңгейде өнер көрсете алатын бірнеше боксшы болғанын қалайды.

"Арманым – ұлттық құрамадағы әр салмақта таңдау жасау қиын болатындай деңгейге жету. Бірінші, екінші, тіпті бесінші нөмірлі боксшы да әлемдік деңгейде бәсекеге түсе алса деймін. Сонда ғана шынайы бәсеке қалыптасып, боксшылар босаңсымайды".

Сәрсекбаев өзі құрамада өнер көрсеткен кезеңде әр салмақта бірнеше мықты боксшы болғанын еске алды. Оның айтуынша, сол бәсеке боксшылардың әлем, Азия және Олимпиада чемпионы атануына ықпал еткен.

Әлем чемпионатына құрам жаңарды

Аға бапкер алдағы әлем біріншілігіне жасақталған командада жаңа боксшылар көп екенін атап өтті. Келесі жарыстарда да өзгерістер болуы мүмкін.

"Осы әлем чемпионатына құрамның жартысына жуығын жаңа есімдермен толықтырдым. Келесі турнирге қалған жартысы да өзгеруі мүмкін  – оны уақыт көрсетеді. Құрамада ешкімнің жай ғана уақыт өткізуіне жол бермейміз. Әр боксшы командада қалуға лайық екенін үнемі дәлелдеуі керек".

Ол басты міндеті жекелеген алтын медальдарды санау емес, Қазақстан намысын қорғайтын чемпиондардың тұтас буынын қалыптастыру екенін жеткізді.

World Boxing ұйымының аясындағы әлем чемпионаты 15–27 қазанда Черногорияның Будва қаласында өтеді. Қазақстан құрамасының сапына 10 боксшы енген.

Бұл туралы не ойлайсыз?