Әлем чемпионатындағы футбол матчы жаппай төбелеске ұласты
Осыған байланысты алаңға қауіпсіздік қызметкерлері мен полиция өкілдері шығуға мәжбүр болды.
Аласа бойлы адамдар арасында мини-футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында Марокко мен Колумбия құрамаларының матчы жаппай төбелеспен аяқталды.
Оқиға топтық кезеңнің екінші турында болды. Кездесу 1:1 есебімен тең аяқталғанымен, финалдық ысқырыққа аз уақыт қалғанда алаңдағы жағдай күрт шиеленісті.
Марокко құрамасы қауіпті айып добын сәтті орындай алмағаннан кейін Колумбияның бірнеше ойыншысы тең нәтижеге қуана бастаған.
Марокко футболшыларының бірі қарсыластарының осы әрекетіне наразы болып, сөзге келген. Артынша жанжалға басқа ойыншылар да араласып, ауызша кикілжің жаппай төбелеске ұласты.
Төбелеске полиция мен қауіпсіздік қызметі араласты
Төрешілер мен бапкерлер жанжалды бірден тоқтата алмады. Осыған байланысты алаңға қауіпсіздік қызметкерлері мен полиция өкілдері шығуға мәжбүр болды.
Колумбия футбол федерациясы оқиғаға қатысты өз нұсқасын жариялады. Ұйым мәліметінше, Марокко ойыншылары Колумбия құрамасының өкілдеріне физикалық күш қолданған. Федерация кейбір колумбиялық футболшылар өзін қорғау үшін әрекет еткенін мәлімдеді.
Турнир ұйымдастырушылары әзірге жанжалға қатысушыларға қатысты тәртіптік жаза жариялаған жоқ.
Екі құрама да плей-оффқа шықты
Оқиғаға қарамастан, Марокко мен Колумбия жарыстың келесі кезеңіне жолдама алды. Марокко топтық кезеңді 7 ұпаймен, ал Колумбия 5 ұпаймен аяқтады. АҚШ құрамасы 3 ұпай, Гватемала 1 ұпай жинады.
Айта кетейік, биылғы әлем чемпионаты осындай форматта екінші рет ұйымдастырылып отыр. Алғашқы турнир 2023 жылы Аргентинада өтті. Финалда алаң иелері Парагвайды 3:1 есебімен жеңді.
Бұл жолғы жарысты Марокко қабылдап жатыр. Қатысушылар саны 12 құрамадан 16 командаға дейін артқан.
Турнир өзгертілген мини-футбол ережесі бойынша өтеді. Әр команда алаңға жеті ойыншыдан шығарады: алты алаң ойыншысы және бір қақпашы.